Вы здесь

Мезолит, неолит

12 октября 2014 | 20743

Тас дәуірінің тарихында Қазақстан аумағында мезолит пен неолит заманы шамамен б.з.б. XII-X және III мың жылдықтардың арасындағы уақытты қамтиды.
Бірінші аталған дәуір атауы гректің мезос (орта) және литос (тас) деген сөздерінен қалыптасқан. Бұл дәуір алғаш рет ХІХ ғасыр соңғы ширегінде бөлініп көрсетілгенімен, ондаған жылдар бойы аталмыш терминнің дефинициясы ғалымдар арасында пікір-талас тудырып келді. Мамандар арасындағы түрлі көзқарастардың ұзақ уақыт орын алуын белгілі ғалым А.Л.Монгайт былайша түсіндіреді: «Материалдық мәдениет даму көзқарасынан алғанда, мезолит палеолиттің тікелей жалғасы болды, бірақ бұл уақытта аталмыш дәуір өнім өндіруді бастады, мұның өзі өз кезегінде мезолитті келесі неолиттік дәуірмен жақындастырады. Сондықтан да кейбір археологтар «мезолит» терминінен қашқақтайды және ерте мезолиттік ескерткіштерді эпипалеолит (эпи – грекше «соңынан», «кейінгі» деген мағынады) дәуіріне, ал кейінгі мезолиттік ескерткіштерді – протонеолитке (прото – грекше «түпкі», «алғашқы», «бірінші» деген мағынада) жатқызады немесе ... айтылғандай ... жоғарғы палеолит пен мезолитті миолит дәуіріне біріктіреді».

Неолит немесе жаңа тас дәуірінен металдарды кеңінен пайдалануға бет алған өтпелі дәуір әдетте энеолит немесе мысты-тас дәуірі деп аталады. Аңшылар мен балықшылар тайпаларында бұл дәуір археологиялық материалдар бойынша әр уақытта бірдей жеткілікті айқын түрде бейнеленбегендіктен, отандық тарихнамада ұзақ уақыт Қазақстанның энеолиті неолитпен бірге қарастырылып келді. Қазіргі таңда оны да жеке қарастыруға мүмкіндік туып отыр. Қалай болғанда да уақыты жағынан біршама қысқа осы замандардың барлығында да өндірістің және адам өмірінің көп салаларында маңызды-маңызды өзгерістер болды.

Ең алдымен голоцен дәуірінің орнығуымен тұспа-тұс келген ол замандағы табиғи орта қазіргі бейнеге көшті. Ол кейінірек қоғам дамуына, белгілі бір өңірлерде өзіндік шаруашылық типтердің қалыптасуына әсерін тигізді. Табиғи өзгерістер жануарлардың кейбір түрлерінің жойылуына (мамонт, т.б.) алып келсе, басқаларының өсіп-өркендеуіне жағдай жасады. Жануарлар дүниесінің түрлік құрамы өзгерді: енді аңшылардың аулау нысаны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян мен үйрек болды. Осы түз тағыларын ұстау үшін аңшылықтың жаңа құралдары ойлап шығарылды. Андарды бірлесе қуалап, қамап ұстау әдісімен қатар жеке-жеке аулау да зор маңыз алды; балықшылық кәсібі өрістеді.

Айта кететін бір жайт, мезолит заманында ірі-ірі екі оқиға болды: садақ пен жебе ойлап шығарылды және микролиттер — үш бұрыш, ромб, трапе¬ция, сегмент тәрізді шағын тас тілікшелері шықты. Ал неолит дәуірінде микролиттік индустрия ерекше кеңінен өрістеді. Микролиттер негізінде жебенің ұштары мен қыстырма құралдар жасауға жұмсалды: сүйек немесе ағаш саптың үзына бойындағы қуыстарына ондаған ұсақ микролиттер тығылды; нақ осылар құралдың өткір жүзі болып шықты. Желім ретінде тау балауызы, қара май, битум пайдаланылды.

Мезолит кезіндегі кейбір аңшылар тобы түз тағыларының соңынан ілесіп, жиі қозғалып отырды. Олардың жедел түрде қозғалуы, жиі қоныс аударуы бұл кездегі ескерткіштердің көп табыла қоймауына алып келіп отыр. Себебі сол замандардан сақталған мәдени қабаттардың қалың болмауы, мезолит уақытына жататын стратиграфияны анықтау мүмкіндігін үнемі шектейді. Қазіргі таңда Қазақстан жерінен мезолит дәуіріне жататын 50 шақты ғана ескерткіштердің орны анықталған. Олардың ішіндегі ең көрнектілері: Оңтүстік Қазақстан Отырар жазирасындағы Маятас, Жаңашілік-1-3 тұрақтары, Ордабасы ауданындағы Бөген (су қойма маңы), Қаратау өңіріндегі Бүркітті, Шахантай мен Соркөл-1-2 кешендері, Орталық Қазақстандағы Қарағанды-15, Әкімбек, Талдыөзек-21, т.б. тұрақтары, Батыс Қазақстандағы Қарсы (Қаршы), Шәуші ескерткіштері, Торғай даласы мен солтүстік өңірлердегі Тұз, Дүзбай-6, Евгеньевка-1, Мичурин, Қарасор-5-6, т.б. Сонымен қатар Шідерті-3 (Екібастұз өңірі), Шүлбі (Шығыс Қазақстан), Тоқтауыл (Жезді аймағы) секілді бірнеше мәдени қабаттан тұратын археологиялық нысандардан да мезолит кезеңіне жататын бұйымдар топтамасы аршып алынған. Олардың барлығы мезолит дәуіріндегі адам баласының тыныс-тіршілігінен мол ақпарат береді.

Мезолитте адам баласы табиғаттан дайын өнімдерді алып отырды. Бұл дәуірідегі өнім өндірудің кейбір нышандары Таяу Шығыстың кейбір аудандарындағы археологиялық ескерткіштерден байқалған. Ал неолитте адамзат өнімді өзі өндіре бастады. Дегенмен Жер шарының солтүстік аудандарында табиғаттан дайын өнім алу ұзақ уақыт сақталды.
Неолит адамзат тарихында өнім өндіруге көшуді бастайтын ірі тарихи-мәдени кезең болып табылады.

Б.з.б. V мыңжылдықта басталған неолит тастың пайдалы қасиеттері барынша пайдаланылған дәуір болды. Еңбек құралдарын өндіру барған сайын мамандандырылды. Қысып түзету техникасының жетілдірілуімен қатар тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау, арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өңделетін тастар пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дәнүккіштер, келілер, келісаптар жасала бастады.

Дәуірдің аса маңызды белгісі мал өсіру мен егіншілік, яғни өндіруші шаруашылық деп аталатын шаруашылық туды; бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына — жиын-терін мен аң аулаудың орнына келді.

Шаруашылықтың жаңа түрлерінің шығуының адамзат қоғамының дамуы үшін орасан зор маңызы болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапа жағынан өзгертті. Адамның экономикалық қызметінің одан кейін талай мың жылдарға созылған бүкіл тарихының дені ша¬руашылықтың осы екі формасының даму, жетілу тарихы болып табылады.

Неолит дәуірінде алғашқы халықтың қолы жеткен өндіргіш күштер дамуының деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуына себепші болды. Қазақстанның ежелгі халқында кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты, оған керамикалық ыдыс белгілі болды.

Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды; онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен бірге мұның өзі қоғамның ұйымдасу формаларының неғұрлым жоғары дамыған уақыты болды: тайпалар немесе тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас-туысқандық байланысына қарай және шаруашылығының біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше (саны азды-көпті) рулық қауымдардан құрылды.

Қазақстан аумағындағы әуелгі неолиттің ескерткіш¬тері әзірше аз зерттелген. Алайда күмәнсыз жай сол, қазақстандық неолит бұрынғы КСРО аумағында жаңа тас дәуірінде болған тарихи-мәдени үрдістердің басты-басты бағыттарында дамыды. Бұл үрдіс неолиттік мәдениеттердің сан алуандығымен, Еуразияның табиғи-климаттық жағынан әр түрлі өлкелерінде ірі-ірі тарихи-мәдениеттік аймақтардың қалыптасуымен сипатталады; ал бұл аймақтар біртекті шаруашылық кәсіп арқылы, материалдық және рухани мәдениеттің ұқсас тип¬тері арқылы бірікті.

Халықтың «мәдени қауымдастық» деген ұғым біріктіретін тарихи тұрғыдан қалыптасқан осындай топтарының біріне неолит дәуіріндегі ежелгі Қазақстанның тайпалары да енді. Зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл қауымның шекаралары өте кең болған. Олар Қазақстан мен Орал маңынан басқа Батыс Сібірдің далалық аудандарын, Алтайды және Орта Азияның солтүстік аудандарын қамтыған. Бұл қауымға енген тайпалардың көпшілігі аңшылыққа, балық аулауға, жиын-терінге негізделген ұқсас шаруашылықпен шұғылданды, ал кейінірек оларда мал өсірудің, егіншіліктің және кен кәсібінің бастамалары пайда болды.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағанан 800-ден аса неолиттік ескерткіштердің табылғандығы мәлім, алайда олардың, басым көпшілігі іріктеліп қана зерттелді. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай әдетте бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік тұрақ деп төрт түрге бөлінеді. Әдетте өзендік тұрақтарда, сондай-ақ көлдік тұрақтарда едәуір көп заттар табылады; мұның өзі бұл жерлерде адамның түпкілікті немесе ұзақ уақыт тұрғанын көрсетеді. Мұндай тұрақтардағы негізгі құрал-саймандар — пышақ тәрізді тас тіліктері және солардан жасалған бұйымдар.

Қазақстан аумағында бұлақтық тұрақтар неғұрлым көп тараған, өйткені шөл және шөлейт аймақтарда өзендер аз болады. Бұлақтардың жанындағы тұрақтар — көбінесе кезбе аңшылардың уақытша, маусымда тұрған жерлері. Қазақстанның шөл даласындағы неолиттік ескерткіштердің бір ерекшелігі сол, олардынң көпшілігі — ашық (жер бетіндегі) тұрақтар.
Барлық тұрақтарда жергілікті материалдардан жасалған тас құралдар — жебелер мен найзалардың ұштары, балталар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылды. Белгілі бір қаруларды жасау үшін тастардың түрлері сараланып, іріктеліп алына¬тын болды. Шикізаттың әр алуандығы оны ұқсатудың әр түрлі техникалық тәсілдерін дамытып, жетілдіруге себепкер болды. Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше аумақтық топ құрайды, бұл топтардың мәдениет жағынан бір-біріне жақын, туыс тайпалардың мекендеген аудандарына сай келуі ықтимал.

Қаратау жотасының ескерткіштері.

Оңтүстік Қазақстанда, әсіресе, Қаратау жотасының солтүстік және оңтүстік бөктерлерінде, жаңа тас дәуірінің көп ескерткіштері ашылды. Бүркітті өзенінің жағадағы аланқайларын зерттегенде мезолит дәуіріне жататын тас индустриясының үлгілері жиналды. Өзеннің оң жағасында малта тас қабатында көптеген мезолиттік шақпақ тас бұйымдары: жергілікті ұсақ түйіршікті шақпақ тастан дайындалан призмалық өзектастар, пышақ тәрізді тас тіліктері және олардың сынықтары табылды.

Халцедондық 140 бұйымнан тұратын ендігі бір топтама Бүркітті өзенінің жайылма үстіндегі Қойтас қойнауының солтүстік жағындағы екінші алаңқайын тазартқанда жиналды. Тас бұйымдардың ішінде пышақ тәрізді тас тілігінен жасалған бір қырлы мезолиттік трапеция ерекше көзге түседі; оның бүйір қырлары мен үстіңгі жағы тігінен түзетілген.

Мезолит дәуіріне жататын заттардың үшінші ірі тобы Ақтау тауының етегіндегі Үшбұлақ бұлағының арнасынан балшық қабатынан табылды. Қара және ақ майда шақпақтан жасалған бұйымдар жиынтығының ішінде қалам тәрізді, сүйір тәрізді, ұзындығы 3-6 см-дей призмалық өзектастар, шағын тас тілікшелері, тескіштер, трапециялар, қырғыштар да кездеседі.

Қаратау жотасының оңтүстік бөктерінде (Шымкент қаласының солтүстік-шығыс жағында) Қараүңгір өзенінің оң жағасына орналасқан Қараүңгір неолиттік үңгір тұрағын қазғанда неолит дәуіріне қатысты ең көп және көрнекі материал алынды. Мұнда қалың мәдени қабат сақталған; оның жоғарғы бөлімі ғана соңғы мезолиттен қоса есептегенде неолитке дейінгі уақытты қамтиды. Жер ошақтар мен от орындарының жанынан хайуандар-дың көптеген сүйек қалдықтары табылды. Ежелгі қараүңгірліктердің аулағаны аю, бұғы, жабайы бұқа, қабан, арқар, қоян, борсық болған. Үңгірді мекендеушілердің аңшылық қорегінде бұлардан басқа, қырғауыл, кекілік, тасбақа болды. Сірә, хайу¬андарды қолға үйрету басталса керек; мұны қолда ұсталған бұқа мен жер ошақтың қасындағы иттің сүйектері де дәлелдейді.

Қоныс тұрғындарының еңбек және аңшылық құралдары жұмырланған ұзынша қырғыштар, призма және қалам тәрізді өзектастар, бүйірлері ойылған және шеттері мұқалған тас тіліктері, тескіштер, садақ ұштары, шот-балталар, тас келісаптар, т.т. болды. Жүздері өңделгені бар, өңделмегені бар микролиттік тас тіліктері өте көп; бұлар құралдардың сүйектен немесе ағаштан жасалған сабына орнықтырылатын қыстырма ретінде қызмет еткен. Көптеген сүйек заттар — біздер (бігіздер), тескіштер, осы заманғы иненің ежелгі түрі — көзі бар инелер, тегістегіш-жонғыштар табылды, хайуандардың жауырындарынан жасалған құралдар да болды. Бұлар хайуандардың терісін ұқсату үшін қолданылды. Әсемдігі жағы¬нан сирек кездесетін заттар — сүйектен істелген, сызықшалары бар өлшеуіш, тесілген қауашақтардан, сызықша өрнегі бар азулардан, сүйек салпыншақтар мен моншақтардан құралған сәндік бұйымдар, хайуандардың топайларынан жонып жасалған мүсіндер шықты.

Қараүңгір үңгірінің тұрғындары керамикалық ыдыстарды қолмен жапсырып жасау әдісін игерген. Балшық ыдыстардың түбі дөңгелек етіп жасалды, ал олардың сырты кейде қызыл бояумен боялды. Көбінесе ыдыстардың жоғарғы жартысы тісті қалыппен түсірілген сызықшалар, ойықтар, мүсіндер түріндегі өрнекпен ажарландырылды. Өкінішке орай, біздің қолымыздағы Қараүңгір үңгірінен алынған материалдар дәстүрлі түрде кезеңдестіру мен хронология сауалдарын толыққанды шешуге мүмкіндік бермейді, сондықтан да барлық пікірлер жорамалдармен ғана шектеліп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағынан атбасар, маханжар, келтеминар секілді бірнеше археологиялық мәдениеттер анықталған. Біз тек Қараүңгір үңгірінен алынған бұйымдарға ұқсас кейбір мәдениеттер мен кешендер материалдары жайында қысқаша мәлімет бере кетпекпіз.

Келтеминар мәдениетін (мәдени-тарихи қауымдастығын) С.П.Толстов бөліп көрсеткен (1946 жылы). Бұл мәдениеттің таралу аймағы – Ақшадария атрабы, Үзбой, Сарықамыс атрабы, Әмударияның сол жағалауы, Қызылқұмның ішкі бөлігі, Сырдарияның төменгі ағысы, Заравшанның төменгі өңірі.

Келтеминар мәдениетінің уақыты б.з.б. Ү мыңжылдықтың ортасы мен екінші ширегінен бастап б.з.б. ІҮ мыңжылдықты қамтиды. А.В.Виноградов Қызылқұм неолитінің шеңберінде оның үш кезеңін бөліп көрсетеді: ерте неолит – дариясай – б.з.б. ҮІІ мыңжылдық соңы мен б.з.б. Ү мыңжылдық ортасы; орта неолит – жанбас – б.з.б. Ү мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІҮ мыңжылдық ортасы; кейінгі неолит – б.з.б. ІҮ мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІІІ мыңжылдық.

Заттай мәдениетінің сипаты. І. Алғашқы өңдеу. Алғашқы өңдеу өнімдерінің арасындағы негізгі дайындамалар (заготовка) көлемі 15-32х3-7 мм шағын тас тілікшелерінен, сондай-ақ тас тіліктерінің кесіндемесінен (сечения); Ақшадария (Жанбас-4) және Жоғарғы Үзбой (Құртыш-1) ескерткіштеріне тән көлемі 25-50х9-14 мм және де профилі тік орташа тас тілікшелерінен; сонымен қатар профилі аздап қайырылған тас тілікшелерінен тұрады. ІІ. Екінші қайтара өңдеу. Негізін дорсаль жағынан келіп бүйір тұсынан түскен түзетулер құрайды, оған екі шетіне дорсаль жағынан түсірілген түзету де тән, ал вентраль жағынан түскен екі жақты түзету аса айқын емес. Құралдар жиынтығы жеті түрлі құралдардан тұрады, олардың арасындағы негізгілері: бір жақты шеткі және де қарама-қарсы түсірілген түзетулер, шеттері өткір емес әрі түбі шабылған қыстырмалар.

Шығу тегі. Қолдағы мәліметтер жиынтығы келтеминар мәдениетінің шығу тегі көп құрауышты (компонентті) екендігін және де оның негізінде оңтүстік құрауыштар басымдау екендігін көрсетеді (Археология СССР. Неолит Северной Азии. М.,1996).

Қараүңгір үңгірінен алынан материалдарды Орта Азиядағы келтеминар, гиссар, орталықферғана секілді неолиттік мәдениеттердің материалдық қалдықтарымен салыстырып қараған кезде келтеминар мәдениетінде алғашқы жаңқалау техникасында, екінші қайтара өңдеуде, құралдар жиынтығында аздап болса да жақындық (ұқсастық) бар екендігін айта кеткен жөн. Сонымен бірге келтеминар мәдениетіне тән шағын тастық (микролит) белгілермен қатар мұнда кездесетін «дөрекі» өзектастар оны гиссар және орталықферғана мәдениеттерімен де байланыстыра түседі. Егер Қараүңгір үңгірінен алынған материалдық қалдықтар бірнеше кезеңдерге жатпайтын болса, онда біздің алдымыздағы құбылыс гиссар және орталықферғана мәдениеттеріне жататын еді. Және де, бұл жерде жеке мәдениет жайлы сөз қозғаған дұрыс сияқты, өйткені онда жазық жерлерге тән шағын тас пен малта тас құрауыштардың араласуынан тау беткейлерінде өзіндік мәдени құбылыс қалыптасқан секілді. Осыған байланысты Қараүңгір үңгірін зерттеп, қолындағы матеиалдар негізінде Қазақстанның оңтүстігінде өзіндік неолиттік мәдениеттің болғандығын айтқан Х.А.Алпысбаев көзқарасын жоғары бағалағанымыз абзал.

Қараүңгір үңгірінде нақты жерлеу орны жоқ. Бірақ кем дегенде екі адамға тиесілі тіс қалдықтары, қызыл түсті заттардың қалдықтары, әшекейлерде сақталып қалған тесіктер мен әшекейлер секілді фактілер өзіне ерексіз назар аудартады. Егер де бұл құбылыстарды кешенді түрде қарастырсақ, онда белгілі бір дәрежеде адамды жерлеу ғұрпы орын аландығын байқауға болатын сияқты. Остеологиялық материалдар мен сүйектен жасалған бұйымдардың, қабыршақ-ұлутастардың жақсы сақталуы антропологиялық материалдардың да осындай күйде сақталуы мүмкін екендігін көрсетеді. Әйтсе де біздің қолымызда бұл пайымдауды нақты дәлелдей түсетін одонтологиялық олжалардан басқа материалдар жоқ.

Қысқаша түрде Қараүңгір үңгірінен алынған адам тіс қалдықтарына қатысты пайымдауларға тоқтала кетелік. Ең алдымен, біріншіден, үңгірде адам қаңқасы толық жерленбеген болуы мүмкін, оның тек белгілі бір бөлігі, айталық бас сүйегі ғана жерленуі мүмкін. Мұндай сирек кездсетін жерлеу ғұрпы ерекше жосын-жоралғыға байланысты болуы да ықтимал. Мұндай ғұрып Месопотамияның халав мәдениетінде, Солтүстік Қазақстандағы Ботайда кездеседі, онда бірнеше жұлынмен бірге бас сүйек және қызыл түсті балшық ұшырасқан болатын. Айта кететін бір жайт, Қараүңгір үңгірінен табылған тістердің бірінен қызыл түсті затпен бірге мойынға іліп жүруге арналған тесік жасалғандығы анықталған.

Екіншіден, ол инициация ғұрпымен байланысты болуы мүмкін. Жас ерекшелік инициациясы түрлі ғұрыптар мен манипуляциялардан тұрды, бұлар жасөспірімдерді ересектерге тән қасиеттерге баулуы тиіс. Олардың арасында денені жарақаттау, әдетте тісті ұрып түсіру, т.б. болды. Мысалы, Австралияның шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі тайпаларда ғұрып бойынша тіс, соның ішінде күрек тіс әдейі сындырылды. Қараүңгір үңгіріндегі тістер жас мөлшері 20-30-дардағы әйел адамдарға және 55-60 жастағы тағы бір адамға тиесілі болған, демек, шыдамдылыққа баулуға арналған ғұрып мұнда орын ала қоймаған секілді.

Үшінші пайымдау бойынша, тіс сүйектері магиялық жосын-жоралғыларда пайдаланылып, бойтұмар ретінде қолданылуы мүмкін.

Әлбетте, айтылған пайымдаулар мұндай олжалардың нақты мәнін ашуды бірден шеше қоймайды. Оны табысты шешу үшін кешенді жұмыстармен айналысқан абзал. Қараүңгір үңгірінен алынған құрал-саймандардың негізгі бөлігін сипаттауды аяқтай келе, Оңтүстік Қазақстандағы бұл ескерткішті одан ары зерттеу қажеттілігіне де назар аударған жөн дейміз. Тарихи-мәдени тұрғыдан Қараүңгір Орта Азиядағы келтеминар мәдениетінің ескерткіштеріне жақын екендігін де тағы бір рет айта кеткен жөн.

Оңтүстік Қазақстандағы бірқатар неолиттік тұрақтардан да (Тасқотан, Шілік, Дермене-1-4, Арыс-1, т.б.) нақты материалдар алынған. Олардың көпшілігінде қыштан жасалған ыдыстар жоқ. Мұны археолог Х.А.Алпысбаев кейбір жергілікті тайпалардың теріден жасалған ыдыстарды кеңінен пайдаланғандығымен түсіндіреді. Оңтүстік өңірдегі кейбір ескерткіштерде қыш ыдыстардың болмауы немесе болуы (мысалы, Қараүңгір үңгірі) мұнда көне замандарда-ақ сан қилы мәдениеттердің тоғысқандығын көрсетеді.

Арал маңынан табылған олжалар. Неолиттік ескерткіштердің жергілікті неолиттік мәдениет құрайтын келесі бір тобы Сырдарияның көне құйылмасынан белгілі. Олардың көбі Сырдарияның ежелгі сағасы болып табылатын Іңкәрдарияның құрғақ арнасынан, ірі құм жалдарын жел айдап әкетіп жататын қазаншұңқырлардан табылды. Тарихи-мәдени жағынан алғанда бұл ауданның ескерткіштері Орта Азияның солтүстік далалық аймақтары мен Оралдың сыртқы жағынның неолиті ортасындағы аралық қалыпта бола отырып, келтеминарлық мәдениетке де, Оралдың сыртқы оңтүстігі мен Аралдың шығыс өңірінің неолиттік мәдениетіне де ұқсас.

Жалпақ қойнауында алты тұрақ табылды; олардан жапсы¬рылған керамиканың сынықтары және кварциттен жасалған құралдар жиналды. Балшықтан жасалган ыдыстардан көбі — мойны анық шығарылып жасалган ірі қыш құмыралар мен дөңгелек тостағандар. Бұлардың екеуінің де түбі томпақ немесе жайпақ. Ыдыстардың сырты тісті қалыппен басылған және сызып жасалган қарапайым өрнекпен ажарландырылған. Кварциттік бұйымдардың ішінде үсті мұқалған және шеті қисайтылған қыстырмалар, тас тілікшелері немесе тас жаңқаларынан жасалынған тескіштер көп.

Қосмола-4 және Қосмола-5 тұрақтарында шақпақ тас пен ақ кварциттен жасалған құралдар, өңделмеген пышақ тәрізді тас тілікшелер және балшықтан жасалған өзінше бір үлгідегі ыдыс жиналды. Бұл ыдыс бүтіндей ірі құм қосылған балшықтан жа¬салған, жұқа, әжептәуір жақсы күйдірілген, тегістелген, майдаланған; өрнегі жоқ дерлік, мұның өзі неолит үшін сирек құбылыс. Қыш құмыраның жиегі ғана қамыспен батырылып түсірілген ойықтармен, сызықшалармен сәнделген, ал оның сыртына біреуінде көлденеңнен қатар-қатар қамысты батырып ізі түсірілген, екіншісінде терең шұңқырлы және ирек сызықты өрнек салынған. Құмыралардың бітімдеріне бітімдері ден қоярлық. Дөңгелек тостағандар мен кейде ішіне қарай иілген мойны шығыңқы құмыралардан басқа, тұрақта төрт-бес науаның фрагменттері кездесті. Осыған ұқсас кешен Әмударияның оңтүстігіндегі Ақшадария құймасынан, келтеминар мәдениетінің Дингильдже-6 және Кават-7 тұрақтарынан табылды. Олар б.з.б. IІI мыңжылдықтың бірінші жартысына — орта шеніне жатады. Егер Қосмола-4 және Қосмола-5 тұрақтарын сол уақытқа жатқызсақ, онда бұлар Сырдария өзенінің көне алқабындағы қазіргі кезде белгілі ескерткіштердің ішіндегі ең ежелгі ескерткіштер болып шығады.

Арал төңірегінен табылған кейбір ескерткіштер екі хронологиялық дәуірді қамтиды. Мысалы, неолит пен энеолитке жатады. Сексеуіл-1, Ақеспе неолиттік тұрақтарынан табылған заттардың ішінде екі жағы өңделген жебе мен сүңгі ұштары жоқ, бірақ оның есесіне трапеция тұрпатындағы қыстырмалар, көптеген ұсақ, дұрыс қырланған, пышақ тәрізді тас тілікшелер бар; ыдыстардың сынықтарында тісті қалыптың таңбасы қалған немесе түгел көлденең ирек сызықтар сызылған. Ал Сексеуіл-2 тұрағындағы жебелердің ұштары екі жағынан қысып түзету арқылы мұқият өнделген; олар ойықтау сағалы, қалақша бітімді келеді; сондай-ақ, найзалардың, сүнгілердің ұштары, көлемі мен бітімі әр түрлі қырғыштар бар.

Керамикалық ыдыстар — негізінде ұсақ, түбі жайпақ және дөңгелек; мойны дұрыс шығарылып, үстіңгі жағы жалпайтылған. Құмыраларға өрнек салу тәсілдері мейлінше әр алуан: сызықты (тік сызықты және ирек сызықты) тісті қалыптың танбасын түсіру, әр түрлі геометриялық фигуралар болып шығатын ойықшалар салу болып келеді.
Соңғы жылдары Арал өңіріндегі бірқатар неолиттік ескерткіштерде зерттеулер жүрді. Олардың арасынан біріккен Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы ғылыми айналымға енгізген Ағеспе, Арал, т.б. ескерткіштерді атап кетуге болады.

Орталық және Батыс Қазақстанның ескерткіштері. Орталық Қазақстанның аумағы неолит пен энеолит дәуіріне жататын тұрақтарға өте бай. Олар Қарағанды облысында және Қараторғай өзенінің аңғарында неғұрлым көп.

Орталық Қазақстанның неолиттік тұрақтарын мекендеушілер садақ пен жебені қолданып, тағы жануарларды аулаумен күн көрді. Жебелер бітімі жапырақ немесе үшкіл тәрізді, сағасы ойық болды. Аңшылар садақ пен жебелерден басқа найзалардың ұштарын көптен пайдаланды. Қалған барлық саймандар — қыстырмалар мен тас тілікшелер түріндегі микролиттер. Қоныстардың денінде қырғыштар көп кездеседі. Мұнда мезолиттік техниканың дәстүрлері айқын бейнеленген микролиттік кешендер үстем болды.

Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанның шекарасында орналасқан Қараторғай тұрақтар тобы Батыс Қазақстандағы тұрақтарға ұқсас. Сонымен бірге оның материалы одан әрі шығысқа қарай таралатын және Орталық Қазақстанды түгел дерлік қамтитын жана техникалық тәсілдерді бейнелейді.

Балқаштың солтүстік-шығыс төңірегіндегі неолиттік ескертіштердің дені бұлақтық қоныстар бо¬лып табылады. Мұнда құралдар дайындау үшін пайдаланылған негізгі шикізат — яшма, кварцит және түсі әр түрлі яшмалы кварциттер болған; жылтыр сары опал және анда-санда порфирит пен қоңыр түсті порфирлер кездеседі.

Жардың жайпақ төбесіндегі кварцитті тас қашалған орын өзіне қатты назар аудартады; жардың етегінде бұлақ орналасқан, онда аздаған шақпақ сайман шықты. Бұлардың көбі (1000 данадан аса) тас қазылған жерден табылды. Мұнда тас жаңқалар, өзектас тәрізді сынықшалар, долбарлы жарықшақтар жиналды; бұлар алғашқы өңдеудің осы жерде жүргізілгенін қөрсетеді.

Жезқазған маңайынан табылған заттар соңғы неолит пен энеолитке жатады. Мұнда тастан жасалған көптеген балғалар, балталар табылды. Басқа саймандар топтамасы ірі көлемді тас жаңқаларынан тұрады.

Иманборлық тұрағы (бұрынғы Көкшетау облысы) осы аттас өзенінің сол жағасында орналасқан. Оның жарынан сүйектер, кө¬мір, ұсақ шақпақ бұйымдар, ірі құралдар және керамика жатқан қабаты айқын көрінеді. Мұнда қырғыштар мен сыдырғыштар, балталар мен шоттар, тақтатастан жасалған құралдар мен тоқпақшалар, найзалар мен сүңгілердің ұштары табылды. Пышақтардың, оның ішінде орақ тәрізді пышақтардың көптігі шаруашылықтың негізін аңғартады. Жебелердің ұштары қысып түзету арқылы екі жағынан жұқартылған. Ірі шапқы құралдардың ішінен көзге түсетіндері — сланец тастан жасалған балталар; бұлар ірі сынықшалар арқылы екі жағынан жұқартылған. Бұл жерден күрзі тәрізді жалтырата тегістелген және бұрғыланған бұйымның фрагменті де табылды; мұның өзі тас өңдеудің ерекше техникалық тәсілдері қолданылғанын керсетеді. Бұның бітімі бір-біріне қосылған екі жарты шар сияқты. Қосылған жерінде ені 1,5 см-дей жайпақ белдік бар, ал бұйымның өзінің диметрі 10,5 см. Сондай-ақ ара тәрізді, ірі қабырғалардан жасалған үш бұйым табылды; бұлар қисық пышаққа немесе ораққа ұқсас ішкі имегінде көптеген тістері бар.

Қыш ыдысты Иманборлық-2 тұрағының тұрғындары таспа әдісімен жапсырып жасаған. Сірә, жасалған ыдыстар отқа күйдірілсе керек. Ыдыстар әр түрлі: параболоид тұрпатты; ернеуі иілген және бүйірі шығыңқы; жиегі тік, мойны біраз ұзын және бірте-бірте кеңи беретін бүйіріне жалғасады. Өрнек салудың негізгі техни¬калық тәсілдері: әр түрлі тарақ тәрізді қалыптармен жасалған ойықтар және сызықшалар. Бұған қоса ыдыстардың беті кертпешелермен және шұңқыршалармен сәнделетін болған. Өрнек салу әдісі мен сурет композициясы жағынан алғанда бұл қыш кешен Орал ескерткіштерінің тобына өте ұқсас.

Иманборлық-2 тұрағының қыш ыдыстары мен Батыс Қазақстандағы тұрақтардың қыш ыдыстарының техникалық тәсілдері мен өрнек композициясының ортақтығы бұл өңірлерде шығыс шекарасына Наурызым қорығы енетін біртұтас этникалық-мәдени ареалдың болуы ықтимал екенін көрсетеді. Иманборлық-2 тұрағында, Солтүстік Қазақстандағы тұрақтар мен Оңтүстік Оралдағы қоныстарда нақ бір құрамдағы жануарлардың (жылқының, сиыр мен қой-ешкінің) сүйектері табылды.
Орталық Қазақстандағы Жезді төңірегінен бірнеше неолиттік тұрақтар зерттелген. Олардың арасындағы ең көрнектілері Талдысай елді мекені жанындағы Талдысай-2-3, Сарыбұлақ, Аяқбұлақ, т.б.

Батыс Қазақстан аумағында негізінен өзендік және көлдік типтегі тұрақтар көп тараған.
Үстірт қыратындағы қысқа мерзімді тұрақтар ерте заманға жатады. Мұнда табылған сайман¬дар әр алуандығымен ерекшеленбейді: трапеция тәрізді құралдар, кескіштер ғана; қыш ыдыстар жоқ.

Батыс Қазақстанда келтеминар мәдениетінің кезінде С.П. Толстов ұсынған бір ғана нұсқасы бар. Бұл аталып отырған келтеминар мәдениеті Қазақстан мен Орта Азияның үлкен аумағы қамтиды. Тас индустриясы орташа және шағын көлемдегі тас тілікшелер түріндегі дайындамалармен, тас тіліктері сынықтары мен жаңқаларымен сипатталынады. 1989-1990 жылдары Гурьев облысынан (қазіргі Атырау облысы – ред.) Шатпакөл, Құлсары-1-5, Шаңдыауыл, Қыземшек, Қайнар, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды, т. б. тұрақтар мен жұрт-орындар табылған. Шатпакөл жұрт-орны Ембі ауданындағы Шоқпартоғай ауылынан 12 км солтүстікке қарай орналасқан. Тас бұйымдарынан пышақ тәрізді тас тіліктері мен жаңқалары бар. Қыш ыдыстар сынықтары бұлақ жанындағы шағын баурайдан табылған. Құлсары-1-5 тұрақтары Құлсары ауылы маңында шоғырланған. Олардың барлығы жол құрылысы мен газ құбырларын салу жұмыстарының нәтижесінде бүлінген. Көптеген тас заттар арасынан түзетілген немесе түзетілмеген пышақ тәрізді тас тіліктері, тас жаңқа мен тіліктерден даярланған қырғыштар, кескіштер, екі жағы өңделген сапты жебелер, бүйірі ойықты (анкош) құралы, өзектас пішіндес жарықшақтар және призма бітімді өзектастар айқын байқалады. Қыш ыдыстардың көпшілігі өрнексіз, тек кейбірінде ғана көлденеңінен түскен сызықтар бар, бұлардан тік немесе жоғары қарай сызықтар тартылған.
Шаңдыауыл Құлсары ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 22 км жерде. Тас бұйымдары кейінгі уақыттағы Аққызтоғай моласынан онша ұзақ емес жерден табылған. Бұлар - тас тілікті қырғыштар, екі шетті қырғыштар, тас жаңқалары мен қыш ыдыстары.

Қыземшек жұрт-орны Иманқара таулары маңынан, Жантерек темір жол станциясынан оңтүстікке – оңтүстік-шығысқа қарай 37 км жерден табылған. Тау үстінен призма тәрізді тұрпаттағы өзектастар, үстіндегі қырлары түзетілген тас тіліктері және қыш ыдыстар сынықтары жинастырылған. Осындай артефактілер Қайнар өзенінің биік жарларынан да табылған.

Жыланқабақ пен Қойқара жұрт-орындарына «шырша» және майда «тарақ» өрнектер салынған қыш ыдыстар тән. Тас бұйымдары жоғарыда аталған индустрияларға ұқсас.
Сарықамыс және Шаянды тұрақтары Гурев (Атырау – ред.) облысы Ембі ауданындағы Сарықамыс ауылынан оңтүстікке қарай 3 км жердегі құм төбелерінен табылған. Бұдан пайдаға асырылғандықтың ізі байқалмайтын пышақ тәрізді тас тіліктерінің үлкен бөлігі, үсті түзетілген бірнеше тас тіліктері, тас тіліктері мен жаңқаларына негізделген ойықты құралдар жинастырылған. Қыш ыдыстар бөлшектерінде басылған қиғаш оюлар, көлденең сызық пен үш бұрыш тәрізді геометриялық фигуралар анықталды. Боялған қыш ыдыстар жоқ.
Жалпы алғанда, тұрақтар мен жұрт-орындардағы индустрия өңделуі мен жарықшақтануы бойынша жақын, олар: шеттері түзетілген, бір және екі шетті, үсті моқал және омырылған немесе шеті бір не екі жағынан тік тас тіліктері кеңінен тараған, шетті қырғыштар, тас жаңқа мен тіліктерге негізделген ойығы бар қырғыштар.

Шақпақ тас саймандары кей жағдайда Қараүңгір (Оңтүстік Қазақстан) үңгір мен Өзбекстан жер өңдеуші неолиті тас бұйымдарымен үндеседі. Мұның негізінде келтеминар мәдениетінің жергілікті нұсқасын батысқазақстандық ретінде бөлу заңды да.

Солтүстік-Батыс Қазақстанның тұрақтары уақыты жағынан неғұрлым бертініректегі тұрақтар болып табылады; оларды мекендеушілер пышақ тәрізді тас тіліктерді кеңінен пайдаланды, бұлардан қыстырма құралдардың жүздерін, жебелердің ұштарын, қырғыштарды жасады. Қыш ыдыстар бітімі жағынан да, өрнектелуі жағынан да ерекше; ирек сызықты немесе геометриялық тарақ тәрізді өрнек, не болмаса осы екеуінің қиюласуы тән болып келеді.

Бұл ауданның неолиттік тайпаларының мәдениеті Оңтүстік Оралдың, Солтүстік Қазақстанның және Арал маңының неолит мәдениетіне ұқсас; мұның өзі, сірә, ол дәуірде Солтүстік-Батыс Қазақстанда күрделі тарихи үрдістер болғанын керсететін болса керек.
Ырғыз өзені бойындағы тұрақтар тобы одан да гөрі соңғы уақытқа жатады. Бұл тұрақтардың тұрғындары бұйымдардың көпшілігін тас тіліктерден жасады.
Ырғыз ыдыстарындагы өрнектер тарақ тәрізді ірі қалыппен түсірілген. Мұнда өрнектелмеген ыдыстар да көп.
Осы белгілердің бәрі ырғыздық тұрақтар тобын Батыс Қазақстанның басқа неолиттік ескерткіштерімен жақындастырады.

Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы аумағынан бірқатар ескерткіштер ашылды. Олардың арасындағы Сұлукөл-1-3, Аққұм-1-2, Сарыиван, Майтөбе, Жантемір тұрақтарынан тас құралдары мен қыш ыдысары көптеп табылған. Бұл ескерткіштердің тас топтамасында тас тіліктері басқа еңбек құралдарына қарағанда жиірек ұшырасады.
Жоғарғы Ертіс өңірінің қоныстары. Шығыс Қазақстанның неолиттік тайпаларының ең ірі қоныстары Ертістің жоғарғы өңірінде зерттелді. Бұларға Усть-Нарым мен Мало-Красноярка деревняларының жанындағы ескерткіштер жатады.

Усть-Нарым қонысынан 800 м2 алаң аршылды. Шыққан заттардың дені, сондай-ақ баспаналардың, жер ошақтардың және шаруашылық шұңқырларының іздері 2,5-2,8 м терендіктен шықты. Қоныстың мәдени қабаты жұқа құм қабат арқылы екі белдеуге бөлінеді. Усть-Нарымда 25 жер ошақ пен от орны, көп¬теген тас құралдар табылды. Көне замандағы аңшылар мен балықшылар мұнда ағаштан жасалған жеңіл күркелерде және есігі өзен жаққа қарайтын чумдарда тұрған. Қоныстан жабайы бұқаның, маралдың, еліктің, қабанның, құндыздың, түлкінің, суырдың сүйектері табылды. Сол жерден сүйектері шыққан қой-ешкі, сірә, қолға үйретілген болса керек.

Шығыс Қазақстан неолитінің Оралдың сырты, Батыс және Оңтүстік Қазақстан неолитінен өзіне тән ерекше бір белгісі сол, ондағы шақпақ тастан жасалған еңбек құралдарының ішінде геометриялық тұрпатты заттар—трапециялар, сегменттер, тағысын-тағылар мүлде жоқ. Мұндағы құралдар көлемі әр түрлі пышақ тәрізді тас тіліктері мен жаңқалардан жасалған. Саны он бес мыңнан асатын шақпақ тас бұйымдарының ішінде бір немесе екі жағынан түзетілген тас тіліктер, тас тіліктер немесе тас жаңқаларына негізделген әр түрлі қырғыштар, жонғыштар, сағасында ойығы бар жебе ұштары, ауыр тас тіліктеріндегі имек жүзді пышақтар, найзалардың ұштары, кескіш, тескіш құралдардың, орақтардың қыстырмалары, балталар, шоттар, қашаулар, тоқпақшалар, балық аулайтын қармақтардың бөлшектері бар.

Сүйек заттар аз. Бұлар — біздер (бігіздер), көзі бар инелер, ірі құстың сүйегінен жасалған, шырша тәрізді өрнегі бар ине қап және басқалар. Ойма өрнекпен сәнделген, сабының жоғарғы жағында ойық тесігі бар қыстырмалы сүйек қанжар ерекше назар аударады. Қанжардың жүзінде түзетілмеген өте жұқа шақпақ тас тілікшелері сақталған.
Тас саймандар көршілес сібірлік-алтайлық неолиттік тайпалардың заттарына әжептәуір ұқсас. Осының өзінде Усть-Нарым қыш ыдыстары Оңтүстік-Батыс Қазақстанның қыш ыдыстарына және Орта Азияның келтеминар мәдениетіне ұқсас. Ыдыс бүйірі түгел өрнекпен сәнделген. Өрнектердің ішінде тарақ тәрізді және жұмсақ қалыппен көлденең түсірілген таңбалар көбірек кездеседі.

Усть-Нарым қонысының қыш ыдысы «андроновтан бұрынғы» түрде және сірә, б.з.б. III мыңжылдықтың екінші жартысында тіршілік еткен адамдар¬дан қалса керек; ол кезде Шығыс Қазақстан тайпаларында егін егу мен мал өсіру шыға бастаған болатын.

Мало-Красноярка деревнясы жанындағы неолиттік қоныс жасы жағынан біраз үлкен және б.з.б. III мыңжылдықтың бірінші жартысында орнаған. Атап айтқанда, қыш ыдысының өзгеше си¬паты, сағасы дөңгелек және тік келген жебе ұштарының неғұрлым ертедегі түрлері, тас пышақтардың ежелгі бітімі осыны көрсетеді. Қоныстан 200-ден аса тас бұйымдар (тас тіліктер, қырғыштар, жебелердің ұштары, тескіштер, өзектастар, пышақтар) және саз балшық ыдыстардың сынықтары жиналды.

Семей жанында, Ертістің құмайт алаңқайындағы кездейсоқ жинауда көптеген әр түрлі тас құралдар, қыш ыдыстар сынықтары шықты. Неолит заманына жататын олжалар Семей облысы (Шығыс Қазақстан) Белокаменка ауылынан 2-2,5 км жердегі адамдар тастап кеткен Сатшықыз ауылы маңындағы Қызылсу өзенінің оң жағалауындағы екінші сөреден шыққан. Бұл жерде сөрені шақпақты сланецтер мен кварцтар жыныстары кесіп өтеді. Тұрақ биігірек телімде, кішігірім бұлақ үстінде орналасқан. Жанынан, өзен арнасымен қатар терең жыра өтеді, оның түбінен бүйір шеті түзетілген үшкіл тас тілігі мен қара-шақпақты жыныстан алынған тас жаңқа табылды. Тас бұйымдары (олардың саны 100-ден асады) жер бетінен терілген. Заттардың таралған алаңы 900 шаршы метрді құрайды. Екі жерден түсірілген тікқазба (шурф) мынадай стратиграфияны анықтады: қалыңдығы 0,05 м шым, ұсақ тастар аралас сұр-сары құмдақ, ұсақ қойтастар мен ірі түйіршікті құмды малта тас. Көтеріліп алынған материал коллекциясын өзектастар, садақ ұштары, қырғыштар, пышақ тәрізді тас тіліктері, шағын тас тақталары мен өндіріс қалдықтары құрайды. Өзектастар призма бітімді, аморфты, көлемі кішігірім келген. Жұмыс шеті доғал келген, тас тіліктерінен жасалған шетті қырғыштар басым. Кейбіреулрінің бүйір жағы түзетілген. Жоғарғы тұрпатты қырғыштар да бар.

Жебе ұштары екі жағынан өңделген, онша үлкен емес. Жебе ұштарының дайындамалары да ұшырасады. Кейбір бұйымдар көлемі аса үлкен емес, екі немесе бір жағынан өңделген жүзі моқал тас тіліктеріне негізделген. Бұйымдар материалы, негізінен, яшма, халцедон, опал.
Солтүстік Қазақстандағы тұрақтар мен жерлеу орындары. Солтүстік Қазақстанның көптеген тұрақтарының ішіндегі ең назар аударатындары Ертістің Павлодар өңіріндегі көлдік типтегі тұрақтар.

Табылған заттардың ең ертедегі кешені Пеньки-1 тұрағынан шықты. Мұнда пышақ тәрізді тас тіліктері көп, олардан әр қилы қырғыштар, бұрғылар, жонғыштар, құрама құралдардың қыстырмалары, пышақтар, жебелердің ұштары жасалатын болған. Жебе ұштары¬ның негізгі түрлері: үш бұрышты, сағасында ойығы бар немесе ойығы жоқ, көлемі кішкене, ішінара немесе екі жағынан түзетіліп өңделген. Қыстырмалардың ішінде геометриялық түрдегі, трапеция бітімді бұйымдар ерекше көзге түседі. Ондай трапециялар Батыс және Оңтүстік Қазақстанның, Оңтүстік-батыс Қарақұмның түрақтарында табылған. Әдетте мұндай заттар мезолиттік немесе ерте неолиттік кешендерге тән.

Тұрақтағы қыш ыдыстардың бүйірі тікше, түбі дөңгелек немесе сүйірболып келген. Олар құм қосылған саз балшықтан жасалған. Ыдыстардың бүкіл сыртына айқын өрнектер салынған; оларда аралары шұңқырша ойықтармен бөлінген кезектесіп келген тура сызықтар, бұраң немесе ирек сызықтар басым болып келеді. Пеньки-1 тұрағының ыдысы Орталық және Батыс Қазақстанның ыдысынан мүлдем өзгеше, бірақ Орал және Батыс Сібір ес¬керткіштерінің, бәрінен бұрын Есіл мен Орта Ертіс аңғарларынан шыққан ескерткіштердің қыш ыдыстарына жақын. Материалдарды салыстыра талдау Солтүстік Қазақстандағы неолиттік кешендердің мынадай маңызды ерекшелігін айқындауға мүмкіндік берді: егер шақпақ сайман оңтүстік аудандардың материалдарына ұқсас болса, балшық ыдыстың бітімі мен өрнегі Батыс Сібір ескерткіштеріндегі ыдыспен бірдей екендігін аңғартады.

Пеньки-1 тұрағында жердің үстіндегі тік бұрышты баспаналар ашылды. Сірә, үйдің қамыспен жабылған ағаш қаңқасы болса керек. Үйлер қоныс-мекеннің шетіне айнала орналасқан; ортада бір қатар болып тізілген ашық жер ошақтары бар алаң болған. Оларда жазғы уақытта тамақ дайындалған. Үйдің ішін¬де үш жер ошақ болды (бірі ортада, басқа екеуі екі жақта); мұның өзі үйде екі отбасы тұрған деп топшылауға мүмкіндік береді.

Қазақстан аумағында әзірге бірнеше неолиттік жерлеу орны ашылды, олар негізінен Солтүстік Қазақстанда. Жер бетінде жерлеу орнының ешқандай сыртқы белгісі жок. Барлық молалар¬дан сүйектермен бірге жебелердің ұштары шықты; мұның өзі біздің арғы бабаларымыздың аң аулау кәсібімен одан әрі шұғылданғанын ғана емес, сонымен қатар олардын жиі-жиі соғыс жанжалына қатысқанын да көрсетеді. Молаларда қыш ыдыстар өте аз, ал кейбіреулерінде мүлде жоқ.

Неолит дәуіріндегі жерлеу ғұрпы туралы Железинка ауылы (Пеньки тұрағынан 100 км жерде) жанындағы молаға қарап неғүрлым толық пікірге келуге болады. Мола, сірә, рулық ұйымдағы ерекше дәрежеге ие болған әйелдікі болса керек. Сәндік заттардың, еңбек құралдарының көптігі, оның үсітіне жерлеудің күнге табынуға байланысты ерекше ғүрпы осы¬ны көрсетеді. Ондай әдет бойынша өлік кремацияланатын болған. Бұл жолы өлік толық өртелмеген; бұдан кейін денесінің қалдығы өлген адамның заттарымен бірге молаға көмілген; ол заттардың ішінде бас киімге тағылған, шеті ұсақ кертпешелермен сәнделген, орақ тәрізді сүйек қаптырма, жыртқыш аңдардың тістері, қауашақтан жасалған ірі моншақтар тізілген алқа бар. Мейлінше сәнделген киіммен бірге молаға еңбек құралдары (шот, сүйек біз), аңшылық құралдары (найзалардың, жебелердің тастан және сүйектен жасалған ұштары) және саз балшықтан жасалған, құты тәріздес, түбі домалақ, кішкене үш ыдыс салыныпты. Сол жерден құланның екі топайы табылды; бұлар қызыл жосамен боялған, бұл түс, ежелгі адамдардың ұғымынша, өртеу, отқа табыну рәсімін білдірген.

Академик Ә.Х.Марғұлан Жезқазған маңынан бірнеше неолиттік молаларды қазып, қызықты материалдар алған. Бұл жердегі Шом тауларынан қазылған аса терең емес қабірлерден еңбек құралдары, кентастар шыққан.

Қазақстанда мезолит пен неолит дәуірі кейбір өңірлерде жеткілікті дәрежеде зерттелмегеніне қарамастан, өзіне тән көптеген белгілері қазірдің өзінде-ақ мәлім. Ол дәуір дала аңшыларының мәдениеті дамыған уақыт еді; бұл аңшылар көшіп-қонып жүрді және қолайлы табиғат жағдайында өзендер мен көлдердің жағасында балық аулаумен де шұғылданды.

Аңшылар мен балықшылар дүниесі шеңберінде болған тығыз мәдени-шаруашылық байланыстар археологиялық материалдардан айқын көрінеді. Мұндай байланыстарды Орта Азияның солтүстік аймақтарын мекендеген келтеминар мәдениетінің немесе келтеминар мәдени қауымдастығының тайпалары жөнінде неғұрлым анық аңғаруға болады. Ол байланыстар бәрінен де гөрі Оңтүстік Қазақстанның және әсіресе Батыс Қазақстанның тайпаларында анық көрінді. Ежелгі байланыстар тізбегі сонау алыс солтүстік пен солтүстік-батыстағы Орал өңірі мен Батыс Сібірге жетіп жатыр. Солтүстік және Шығыс Қазақстан тайпаларының мәдениеті Орта Азия халқының мәдениетіне ұқсас белгілерін аңғарта отырып, сонымен бірге жаңа тас дәуіріндегі Алтай мен Байкал өңірі тайпаларына неғұрлым жақын болды. Сонымен, Қазақстанның неолиттік тайпалары мәдени дәстүрлерінің ерекшелігі мен өзгешелігін сақтай отырып, көршілес аймақтар мен аудандардың тайпаларымен тығыз байланыста дамыды.

Қазақстан жерінде неолит заманында бірнеше археологиялық мәдениеттер болғандығын соңғы жылдары атқарылған далалық ізденістер нақты көрсетіп отыр. Археологиялық мәдениеттер туралы (хронологиясы, аумағы, жеке белгілері, ерекшеліктері, ескерткіштерінің жай-күйі, т.б.) ғалымдар арасында пікір-таластар тоқтай қоймағанымен, біз жекелеген кейбір мәдениеттерге қысқаша шолу кеткенді жөн санадық.

Ойықты мәдениеті. Соңғы жылдары Қазақстанның батыс өңірлеріндегі ойықты және төлес мәдениеттері жайлы кеңінен сөз қозғап жүрген археолог Е.А.Астафьевтің ойынша, екі мәдениеттің ұқсастықтары көп. Бұларды шақпақ тас индустриясын жарықшақтайтын тас тілікті техника біріктіреді, құралдардың басым бөлігі тас тіліктеріне негізделінеді, тас тілік дайындамалары орташа және ірі болып келеді, көбіне жүзін дөңестендіре түзету қолданылады, екінші қайтара өңделген құралдар көбірек ұшырасады.

Сайып келгенде, Каспий өңірі ертеден-ақ мәдени үрдістердің ошағына айналған. Бұл ретте әсіресе тұрғындары Каспий жағалауын мекендеген Маңғыстау ауданы мамандардың едәуір қызығушылығын танытады. Бір айта кететін жайт, мұндағы балықшылық үнемі көшіп-қонуды аса қажет еткен жоқ. Тұрақтар үшін жағалаудағы қолайлы жерлер таңдап алынды. Аңшылық қосалқы сипат иемденді. Бір жерде тұрақтап тұру балықшыларға ұзақ уақыт пайдалануға арналған баспаналар тұрғызуға алып келді. Жағалаудағы халықтың бір орында жиі отыруы ондағы мәдени дәстүрлердің сақталып қалуына жағдай туғызды.

Бұл фактілерді Ақтау қаласы маңынан 1984 жылы табылған Қосқұдық-1 тұрағының материалдары нақты айғақтай түседі. Тұрақ теңіздің қазіргі жағалауынан 1 км қашықтықтықта жатқан жоғарғы теңіз террасасында орналасқан. Тұрақтың сақталған 35 см мәдени қабатынан іргесі тастан қаланған каркасты-бағаналы типтегі үлкен құрылыс орны анықталған. Құрылыс српақша келген. Оның ауданы 16х14 м. Қабырғалары жергілікті тас-әктастардан қаланған. Мәдени қабатынан шақпақ тастан және тастардан жасалған бұйымдар, жапсырылған қыш ыдыстар сынықтары, теңіз ұлутастары мен олардан жасалған әшекейлер сынықтары аршып алынған.

Қосқұдық-1 тұрағының тас индустриясы көп ретте ойықты мәдениетінің дәстүрін сақтап қалған. Оның соңғы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Онда асимметриялы трапециялар мен үшбұрыштар, орталы және түзетілген кескіштер, шетті қырғыштардың үлкен сериясы, шеті шабылған қырғыштар, «шағын кескіштер», аздап түзетуден кейін шеті сынған тас жаңқалары мен тас тіліктері кездеседі. Бұйымдардың жаңа түрлері де пайда бола бастайды. Олар қашау тәрізді құралдар, ұсақ сегменттер мен көптеген шағын бұрғылардан тұрады.
Қабыршақ-ұлутастардан жасалған моншақтар мен олардың дайындамасы қосқұдықтардың бұрғылау ісін жетік меңгергендігін айғақтайды. Олар жіп тоқуды да меңгерген. Мұны табылған ұршықбас тастардың сынықтары нақты аңғартады. Шаруашылығын сонымен қатар жебе ұштары, әктастан жасалған атқыш-тастар мен ауды суға батырып тұратын тас-батырғы да нақты айғақтайды.

Қосқұдық тұрағынан алынған қыш ыдыстарының бір бөлігі ойықты дәстүріндегі ою-өрнек техникасы мен төменгі-еділ неолитінің композициясын сақтап қалған. Сондай-ақ жаңа типтегі ыдыс сынықтары да ерекше көз тартады. Ыдыстардың ернеулері ірілеу келеді, олардың көбінде тарақты ою-өрнегі бар және қыш ыдыс жасалынған саз балшық құрамында қабыршақ-ұлутас бөлшектері кездеседі. Мұндай қыш ыдыстары әдетте Еділ бойы мен Солтүстік Каспий маңындағы хвалын мәдениетінің материалдарынан ғана кездеседі. Бұл мәдениеттің ескерткіштері де Маңғыстаудан табылған. Олар шебір типіне жатқызылған. Бұлармен маңғыстаулық тайпалардың тарихындағы жаңа кезең, яғни энеолитке өту өте тығыз байланысты. Хвалын қыш ыдыстарының негізінде Қосқұдық-1 тұрағы б.з.б. V мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІҮ мыңжылдық алғашқы жартысына жатқызылған.

Ежелгі қосқұдықтықтардың наным-сенімдері мен жерлеу ғұрпын бірнеше олжалардан көруге болады. Баспана маңынан егде жастағы ер адамның жерлеу орны аршылған. Сол қырымен жатқызылған ол дөңгелектеу келген шұңқырға жерленген. Қасына жерлеу саймандары қойылмаған. Моланың үйіндісінен шақпақ тастан жасалған бұйымдар алынған. Тұрақ жанынан су жиналатын шұқырлар, ұзындығы 5 м жыланның бедері, т.б. заттар қосқұдықтықтардың су стихиясына табынғандығын білдіреді.

2006 жылдан бері аталған аталған ескерткіш төңірегіндегі Қосқұдық-2 қонысы да зерттеліп келеді. Қазба барысында 232 шаршы м алаңқай аршылып, одан баспана, шаруашылық орындары анықталған. Мамандардың алдын-ала есептеуінше қоныстың ауданы 1500 шаршы м-ді құрайды. Аршылған мәдени қабаттан және қоныс аумағынан 5 мыңнан астам шақпақ тас бұйымдары (тас жаңқа, призма пішінді өзектас, қабырғалы тас тіліктері, кескіштер, қырғыштар, т.б.) жинастырылған. Табылған жебе ұштары (4 дана) келтеминарлық сипатта. Қыш ыдыстарының 940 сынығы жинастырылған. Олардың 134-нде ою-өрнегі бар. Мамандар қыш ыдыстарын 9 типке бөлген. Баспана ішінен және жанынан түрлі бұйымдармен қатар әктастан жасалған антропоморфты мүсін немесе ауды батырып тұратын тас-батырғыш (115х80х170 мм), «үтікше» (139х78х34 мм), «таяқша» (ұзындығы 61 мм), тастан жасалған заттар, ұлутас-қабыршақтар, т.б. аршып алынған. Табылған заттар мен мәдени қабатқа қарағанда Қосқұдық-2 қонысын адамдар ұзақ уақыт мекендеген. Оны жер бетіне салынған үлкен баспана орны да нақтылайды. Шақпақ тастан жасалған бұйымдар жиынтығы Қосқұдық-1 ескерткішімен үндеседі. Олар ойықты мәдениетінің кейінгі кезеңіне жатады. Қосқұдық-2 қонысының қыш ыдыстарында хвалын мәдениетінің дәстүрі басым, ал қыстырмалар мен тас тіліктерінен дайындалған жебе ұштары келтеминар мәдениетіне өте жақын. Қосқұдық-2 қонысында бірнеше мәдениеттердің бөлшектері тоғысып, мұнда өзіндік бірегей мәдени тип қалыптасқан. Алынған материалдарына қарағанда Қосқұдық-2 қонысы б.з.б. ІV мыңжылдық соңына жатады.

Төлес мәдениеті. Қазақстанның батыс өңірінде таралған тағы бір археологиялық мәдениттің бірі – төлес мәдениеті. Ойықты мәдениетінен төлес мәдениетінің тас индустриясының айырмашылығы сол, соңғы аталған мәдениетке тән құралдар мен дайындамалардың көлемі кішірек болып келеді, кей жағдайда кескіш опырынды дәстүрі жоғала бастайды, «шағын кескіштер», «мүйізді» және асимметриялық трапециялар, екі жағы өңделген жебе ұштары кездесе қоймайды. Бұл археологиялық мәдениеттің де негізгі ескерткіштерінің бірқатары Солтүстік-Шығыс Каспий маңы мен Маңғыстау жерінен зерттелінген. Олардың арасындағы ең негізгісі Ақтау-1 қонысы. Аталған ескерткішті зерттеу барысына баспана аршылып, одан неолит заманындағы көптеген бұйымдар жинастырылған.

Маңғыстаудағы Сауысқан құмдарынан да шартты түрде Үштаған-1 деп аталған тұрақтан төлес мәдениетіне келіңкірейтін көптеген заттар жинастырылған. Бұл тұрақтан 527 дана шақпақ тастан бұйымдары, 500-дей қыш ыдыстар сынықтары, ұлутас-қабыршақтар жиыстырылған.

Туесу құмдарындағы Сенек ауылы маңынан оншақты тұрақтар ашылған. Ескерткіштердің бір бөлігі тақырлар маңынан табылса, келесі тобы шағын қазаншұңқырлар жанынан анықталған. Әсіресе Сенек-10 тұрағынан біршама қомақты материал жиыстырылған. Археологиялық зерттеулер барысында тұрақтан шақпақ тастан жасалған 391 дана бұйым, 30 шақты қыш ыдыстар сынықтары, ұлутас-қабыршақтар алынған. Екінші қайтар өңделген құралдар жиынтығы 23 дана затты құрайды.

Сондай-ақ Сағыз өзені алабындағы Бекбеке-1, 3-4 тұрақтарының материалдары (тас индустриясы, қыш ыдыстары) да соңғы мәліметтер бойынша төлес мәдениетіне жатады.
Жалпы алғанда, төлес мәдениетінің Каспий маңындағы неолиттегі орнына келер болсақ, ол ойықты мәдениетің соңғы кезеңіндегі нұсқасы іспеттес. Оның дамуына географиялық орта тіклей әсерін тигізген. Мәдениетті қалдырушылар маусымдық мезгілде көшіп-қонып жүруі де мүмкін сияқты. Өйткені төлес мәдениетінің кейбір ескерткіштері теңізден алыста жатқан аймақтардан да табылып отыр.

Төлес тұрақтарының жас мөлшерін анықтау күрделі мәселелерің бірі. Табылған келтеминарлық типтегі жебе ұштарына сүйенер болсақ, ол б.з.б. Ү мыңжылдық екінші жартысы мен б.з.б. ІІІ мыңжылдықты қамтиды. Төлестік қыш ыдыстарының бір бөлігі Тентексор тұрағына (С14 әдісі бойынша б.з.б. 5600 жылдар шамасы), ал «шырша» тәрізді ою-өрнектілері келтеминар мәдениетінің жанбас кезеңіне жақын келеді.

Атбасар мәдениеті. Өз атауын тұрақтары мейлінше шоғырланған Ақмола облысы Атбасар ауданынан алады. Оның таралу аймағы: далалы аймақтардағы (Есіл даласы) Есіл өзенінің алабы мен қазақ ұсақ шоқыларының солтүстіке-батыс бөлігі. Мәдениеттің қалыптасуы б.з.б. VІІ мыңжылдық соңы мен б.з.б. VІ мыңжылдық бас кезіндегі жергілікті мезолиттік тайпалардың материалдық базасының негізінде өтті, оған Арал өңірі немесе Каспий теңізінің шығыс өңіріндегі халықтардың келуі де (келтеминар және ойықты мәдениеттері) өзіндік әсерін тигізсе керек. 200-дей тұрақтары зерттелген, олардың 20 шақтысында қазба жұмыстары жүргізілген. Бұл кезеңнің аса көрнекті ескерткіштері: Виноградовка-2 (жоғарғы қабаты), Тельман-1, 10, Явленка селосы маңындағы тұрақтар, Карлуги, Боголюбово, Виноградовка-10, 14, Жабай-Покровка-3. Әдетте, атбасар мәдениетінің барлық тұрақтары Солтүстік Қазақстанның Есіл және Шағалалы секілді су артерияларының көне арналарында орналасқан. Сақталған іздеріне қарағанда жеңіл баспаналары жер бетінде орналасқан. Баспаналар шалаш секілді, жоспары дөңгелек және төрт бұрышты, ал ауданы 25 шаршы метрден астам болып келді. Атбасар тұрғындарының жиі қозғалып отырғандығын ескерткіштер топографиясы, индустриялар сипаты, мәдени қабаттарының аса қалың еместігі, шаруашылық сипаты да аңғартады.

Еңбек құралдарының жиынтығы бірегейлігімен көзге түседі. Ол тас тілікті дайындама (заготовка) мен құралдардан, екі жағы өңделген тас жаңқаларынан тұрады. Соңғыларының арасында жебе ұштары көп кездеседі. Осы кездері ірі қырғыштар мен пышақтар, жебе омырғыштары (отбойники) пайда бола бастайды. Айтылғандардың соңғы екі түрі шақпақ тасты екінші рет қайтара өңдеу кеңінен орын алғандығын да сипаттайды. Шақпақ тастары бар орындарда арнайы шеберханалар болды, олардан алынған шикізат көздірі алғашқы жаңқалаудан өтті. Тельман-1 тұрағында өзектастарды одан ары өңдеу жүзеге асырылған: мұнда тас тілік пен тас жаңқа түріндегі дайындамалар алынды да, олардан қыстырғыш (қыстырма) еңбек құралдыры жасалынды.

Сыйымдылығы 1-5 л қыш ыдыстарының пішіні жартылай жұмыртқа тәріздес болды. Оның қабырғалары тарақты ою-өрнектермен әшекейленді. Бірақ қыш ыдыстарының қалдықтары мен сынықтары аса көп көлемде емес.

Остеологиялық қалдықтар да айтарлықтай көп емес. Кейінгі уақыттарға жататын тұрақтарда, кейде орта неолитте жылқының, ірі қараның сүйектері ұшырасады. Сүйек қалдықтарының аса көп еместігі және сирек ұшырасуы оларды түз тағыларына немесе үй малдарына жатқызуға мүмкіндік бере қоймайды. Бірақ фауна өкілдерінің осы жиынтығы б.з.б. ІІІ мыңжылдық бас кезінде Солтүстік Қазақстанда өнім өндіру қалыптаса бастағандығы жайлы сөз қозғауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта біз бұл мәдениетке жататын әлі бірде-бір жерлеу ескерткішін білмейміз. Бірақ кейбір тұрақтардың (Виноградовка, Тельман, т.б.) шет жағынан тереңдігі 1 м, диаметрі 1,5 м-ге дейін шұңқырлар аршылған. Олардың түбінде қатып-семіп қалған от қалдықтары шыққан. Қола дәуірінде бұл өңірден кремация ғұрпы бойынша жерлеу орын алғандығын ескерсек, онда бұл жосын-жоралғының бастау осы кездері қалыптаса бастағандығын аңғарамыз.

Маханжар мәдениеті. Бізге белгілі бұл мәдениетке жататын ескерткіштердің басым бөлігі Торғай ойпатында орналасқан. Олардың арасындағы Маханжар, Соленое озеро-2, Дүзбай-1-4, 12, Сор-2, Бестамақ, Амангелді секілді тұрақтарда ғана мәдени қабат сақталған әрі жақсы зерттелінген. Тобыл өңірінен әзірге Алқау-2 тұрағы ғана белгілі болып отыр.
Ескерткіштер топографиясының сипаты: көпшілігі бірден тарылып кететін жайылмадағы кең телімде орналасқан. Кең жайылмадағы суда құстар көп болған сияқты. Ежелгі маханжарлықтар оларды да аулап күнелтсе керек.

Бүгінгі күнгі белгілі ескерткіштердің барлығындағы мәдени қабат құмнан немесе құмдасын қыртастан тұрады және ол белгілі бір дәрежеде ыдыраған. Тек Дүзбай-1 ескерткішінен ғана құрылыс қалдықтарын анықтаудың сәті түскен. Оған қарағанда, мұндағы неолиттік тұрғындар жерге жарты метрдей кіріп тұрған жартылай жертөлелерді мекендеген.

Маханжар мәдениетінің қолдан жасалған қыш ыдыстары жұқа қабырғалы болып келді және ұзынша пропорцияда болды. Мойын тұсы әдетте тарыла түсті де түбі конус тәрізді болып келді, кейде тиекпен аяқталды. Ою-өрнек әлі кеппеген қабырғаларына тісті («тарақты») штамппен түсірілді. Композициясы көлденең және тік ирек сызықтардан, параллель басылулардан (басудан) және басқа да бөлшектерден (элементтерден) тұрды, тіпті кейде қыш ыдыстың сырты түгелдей әшекейленді.

Еңбек құралдарын дайындауда Тобыл өзені бойындағы тұрғындар тас тілік қыстырма (қыстырғыш) техникасын кеңінен пайдаланды. Әдетте олар тұрақтардан алынған барлық олжалардың жартысына жуығын қамтиды. Бұл кездері жергілікті шикізат көздерін пайдалану кеңінен тарай бастайды. Сонда да болса мезолитте белгілі болған екінші рет қайтара өңдеу тәсілдері, соның ішінде трапеция пішінді геометриялық қыстырғыштар дайындау сақталып қалды. Құралдың шетін түзету әдісімен және опырындыны кесумен қатар жалтырата тегістеу әдісі де қолданылғандығы анықталған. Сонымен қатар, ортасы тесік ұршықбас сынығы да табылған. Мұның өзі бұрғылау әдісінің де орын алғандығын және жіп иіру шыққандығын көрсетеді. Тас тіліктерден жасалған бұрғылар Дүзбай-2, Бестамақ-7 тұрақтарынан да белгілі. Маханжар мәдениетінде жебе ұштарының болмауы да едәуір қызығушылық туғызады. Сірә, олардың орнына бірнеше қыстырғыштан тұратын күрделі конструкция қолданылған сияқты.

Сөйтіп, неолит дәуірі мал шаруашылығы мен егіншіліктің, яғни өнім өндіру шаруашылығының қалыптаса бастауымен сипатталынады. Мұны кейбір мамандар (Г.Чайлд) «неолиттік төңкеріс» деп те атайды.