Вы здесь

Когнитивті лингвистиканың қазақ тіл біліміндегі көрінісі

15 мая 2013 | 7623

Тілдің жасаушысы – халық. Қазіргі біз қолданып жүрген халық тілі көптеген ғасырлар бойы қалыптасып, ұзақ уақыт қырналып, ұстартылған. Оның мазмұнын көтеруге қаншама ұрпақтың ақыл-ойы, тарихы, философиялық ой-түсінігі жұмсалған. Сондықтан да ол бүгін жатық, әдемі, ойлы естіледі.
Ана тіліміздегі әдебиет деген сөздің түп-төркіні арабша атаудан шыққан – сөз, асыл сөз деген мағынасы бар, литература деген атаудың латын сөзі (littera) екені – әріп, жазу-сызу деген мағынада қолданылатыны белгілі. Әдебиет – сөз өнері. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар, әдеби шығарма сол тілде ғана туады.
Батыс елдері христиан дінінің көзқарас, қағидалары бойынша, әуелі сөз пайда болғанын айтады (вначале было слово).

Сөз өнері – бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) десек, қазақ халқының «өнер алды – қызыл тіл» деген тұжырымы де тегіннен-тегін тумаса керек. Хакім Абайдың:
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы. (1)
Қисынымен қызықты болмаса сөз
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы. (2)
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?. (3)
Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап. (4)
Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?. (5)
Өзім де басқа шауып, төске өрледім
Қазаққа қара сөзге дес бермедім. (6)
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Харакет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек. (7) [152], - деген үзінділерінде сөз деген сөз 376 рет кездеседі.

Абайдың кейінгі (7) шумағымен академик Ғ.Мүсіреповтің мына сөздері үндес келеді: «Ойдан – әрекет, әрекеттен – тіл; әрекет пен тіл ағалы-қарындасты егіздің сыңары екенінде дау болмасқа керек» [153].
А.Байтұрсынұлынша айтатын болсақ: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз – жазу заманы; жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды: жазумен дүнияның бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге, қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қисындасып, жалғасатын дағдысын білу керек. Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәм халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша, я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз» [154]. А.Байтұрсынұлының сол кездерде айтып кеткен бұл сөзі қазіргі кезде де мәнін жоймай, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

«Қай халықтың болса да, - дейді академик Ғ.Мүсірепов – қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да, ақыл-ой тереңдігі көп салалармен тармақтала, молыға келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді» [155].
Тіл байлығының ең басты белгісі – сөз байлығы. Өйткені барлық білгеніміз бен білуге тиістіміз тек сөз арқылы ғана белгіленеді. Сөз – тілдің негізгі элементі. Бірақ тіл байлығы сөздердің жалаң санымен ғана емес, оның сапасымен, мазмұнымен, ішкі мүмкіншілігімен де өлшенуі тиіс. Тіліміздегі мыңдаған сөздер номинация (заттың, құбылыстың атауы) ретінде бір көрінсе, олар өзара тіркесуімен, тілдік қатынас аясында тіл байлығын еселей түседі.

Адам өз өмірінде ана тілінің байлығын толық меңгеруі мүмкін емес. Сондықтан болу керек, Вольтер: «кез келген қиын шет тілін толық меңгеру үшін алты-ақ жыл қажет, ал ана тіліңді жетік білу үшін бүкіл өміріңді сарып етуің қажет» - деген екен.
Сол себептен Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керектігін өзінің «Тіл – құрал» кітабында ұсынған [156].

Аталған еңбекте бастауыш мектепте балаларға тіл таныту үш тарау болып бөлінеді: 1) дыбыс жүйесі мен түрлері, 2) сөз жүйесі мен түрлері, 3) сөйлем жүйесі мен түрлері.
Ахаң бұл тарауларды іске асыру жолдарын былайша түсіндіреді: «Тіл – құрал» үш жылға бөлінгенде, бірінші жылда оқытуға ұйғарғанымыз: сөйлеу мен сөйлемді айыру, сөз бен сөздің буынын айыру, буын мен буындағы дыбысты айыру, қазақ тіліндегі дыбыстар һәм оларға арналған харіфтер; қазақ сөзіне жазылатын харіфтер турасындағы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары. Бірінші жылда үйретуге осы жеткілікті болар; үйткені «Тіл – құралындағы» заттар қазақша һәм арабша алифбалардағы харіфтерді балалар үйреніп болғаннан кейін үйретіледі. Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал. Әсіресе бірінші жыл оқылатын «Тіл – құралы» тіл білімінің негізі болғандықтан нық үйретілерге керек.

Қазақ тілі – түрік тілінің бір тарауы. Дүниядағы жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, қытай һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл – сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл – сөз түбірімен қопарылып өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түркі тілдің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей аяғына жалғау қосылып өзгеріледі. Жалғау екі түрлі: бірі сөздің тұлғасын өзгертсе де, ішкі мағынасын өзгертпейді, екіншісі сөздің тұлғасын да, мағынасын да өзгертеді. Сондықтан бастапқысы тысқарғы, соңғысы ішкергі жалғау деп аталады.

Екі түрлі жалғаудың тысқарғысы сөйлегенде, жазғанда сөздерді біріне-бірін қиылыстырып тізу үшін қажет, ішкергісі бір мағыналы сөзден екінші мағыналы сөз шығарып, сөзден сөз туғызып, көбейтіп, тілді байыту үшін қажет. Ішкергі жалғаудың бірсыпырасы осы бірінші жылдық «Тіл – құралда» сөз тұлғасын сөйлеген орындарда көрсетілді. Тысқарғы жалғау туралы екінші жылдық «Тіл – құралда» айтылмақшы. Сөзді дұрыс тізіп сөйлеу, әсіресе дұрыс тізіп жазу туралы үшінші жылдық «Тіл – құралда» айтылмақшы» [157].
Ахмет Байтұрсынұлының тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамдардың бірі – С.Сейфуллин. Ол: «Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды... Жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе шығарып, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ахаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді» дейді [158].
Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады.

Қазақ тіл білімінде тілдік қатынас (коммуникация) мәселесін теориялық тұрғыдан да, әдістемелік жағынан да арнайы зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – профессор Ф.Ш.Оразбаева [159]. Ғалымның пайымдауынша, тілдік қатынаста өзіндік орны мен маңызы бар қатысымдық тұлғалар: сөз, фразеологиялық тіркестер, сөйлем және мәтін. Сөз – лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да, сөзжасам тұрғысынан да жан-жақты зерттеліп келе жатқан тілдік тұлға.

Сөздің негізгі екі қасиеті: формасы мен мазмұны, яғни дыбыстық таңбасы мен мағынасы да қатысымдық процесте қарастырылады. Сөз – сөйлеу, пікір алысу үрдісіндегі ең басты тұлға. Сөз жеке тұрғанда заттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып, номинативті қызмет атқарса, тіл арқылы қарым-қатынаста белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты жұмсалып, қарым-қатынастық қызмет атқарады. Тіптен контекссіз дербес қолданылып, грамматикалық тұлға ретінде әр түрлі дауыс ырғағымен айтылса да, әрі хабарлау, әрі қабылдау мәніне ие болады.

Осындай жағдайлардың барлығында сөз белгілі бір ойды білдіре келіп, екінші адамның санасы арқылы қабылданады. Ғалымның ойынша, сөз жеке, сөздікте тұрғанда тілдік тұлға да, сөйлем құрамында, мәтінде қолданылғанда қатысымдық тұлға болып табылады.
Сөз тілдік қарым-қатынаста ауызша түрде қолданылғанда, ондағы қатысымдық белгілерді дауыс ырғағы, интонация атқарады да, жазбаша түрде жұмсалғанда, қатысымдық қызметті тыныс белгілері атқарады. Тілдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздің бірнеше қасиеттері бар:

  1. Сөз адам санасында бейнеленген ұғымның жарыққа шығуын қамтамасыз етеді.
  2. Сөз басқа қатысымдық тұлғалардың жасалуына ұйтқы болады.
  3. Сөз өмір шындығын нақтылы мағына арқылы түсіндіре келіп, адам ойының екінші біреуге жеткізілуіне әсерін тигізеді.
  4. Сөз адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыруға негіз болады.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, сөз өте күрделі тілдік тұлға екенін көреміз. Сөз өнері – бар өнердің басы, тіл байлығы – сөз байлығы, сөз – тіл білімі салаларының: фонетика, морфология, лексика, синтаксис, стилистиканың негізгі элементі. М.Горькийше айтсақ: «сөз – барлық фактілердің, барлық ойдың киімі». Белгілі тіл маманы, профессор К.Ахановтың айтуынша, «тіл білімінің лексикология саласы сөзді, біріншіден – мағынасы жағынан, екіншіден – шығу тегі жағынан, үшіншіден – қарым-қатынас жасауда қолданылу аясы мен шеңбері жағынан, төртіншіден – экспрессивті-стильдік сипаты мен қызметі жағынан қарастырып зерттейді. Демек, лексикология сөзді тілдің лексикалық бірлігі ретінде қарастыра отырып, оны жан-жақты қамтиды. Сонымен лексикология тілдегі сөздер және барлық сөздердің жиынтығы – сөздік құрам туралы, оның жасалып қалыптасуы және дамуы туралы ғылым болып саналады».

Қорыта айтқанда, сөз – тілдік қатынастың бірден-бір құралы, ой көрінісі. Лексикология тіліміздегі бар сөздік қордың құрамы, жасалуы, дамуы туралы ғылым екенін ғалымдарымыз терең де нақты зерттеп, тиісті бағаларын берді.

Сөйлем мен сөйлесім де – тілдік қатынастың құбылыстары болып табылады. Тіл арқылы қатынас жасау процесінде сөздер, әдетте, жеке-дара күйінде емес, бір-бірімен тіркесіп қолданылады. Сөзді қатысым құбылысына сәйкес қарастырғанда, негізінен, оның сөйлеу мен сөйлесуге байланысты ерекшеліктеріне назар аударуға тура келеді. Мұнда ол адамдардың тілдік қарым-қатынасында жүзеге асатын, пікірлесуге негіз болатын, өзара түсінісуге мүмкіндік жасайтын қатысымдық элемент тұрғысынан сөз болады.
Грамматиканың синтаксис саласының қарастыратын негізгі мәселелері – сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері.

Фразеологиялық оралымдар не тұрақты сөз тіркестері тілдік қатынаста жұмсалатын қатысымдық тұлғалардың қатарына жатады. Мұнда тұрақты тіркестердің біртұтас лексикалық тұлға түрінде тілдік қарым-қатынаста қолданылуы маңызды орын алады. Сондықтан қатысымдық тұлға ретінде алынатын тұрақты тіркестер адамның ойын жеткізуде белгілі бір ұғымды көрсетуімен маңызды.

Тілдесім әрекетінде сөйлем ішінде еркін сөз тіркестері де, тұрақты сөз тіркестері де ұшырасады. Бірақ тұрақты сөз тіркестері қатысымдық жеке тұлғаның қатарында пайдаланылса, еркін сөз тіркестері оған кірмейді. Сол себепті тілдік қатынаста оларды бір-бірінен ажыратып қолдануға тура келеді.
Қазақ тілінің синтаксистік құрылысы құрылымдық-мағыналық тұрғыдан едәуір зерттелді. Алайда синтаксистік бірліктер сөйлеуден тыс, оқшау қалыпта алынады да, олардың, негізінен, формалық түзілісі, содан соң барып бөлшектерінің бір-бірімен синтаксистік-семантикалық қатынастары қарастырылады. Осыдан келіп сөйлем түгіл, сөз тіркесі де тиянақты бірлік ретінде қаралып, сөйлемнің предикативті, сөз тіркестерінің предикативті емес бірлік екені дәлелденіп келеді. Шындығында, қазақ тіл білімінде синтаксистік талдау оқшау алынып, сөйлем шегінен тысқары шыққан жоқ. Бұны кемшілік деуге де болмайды, өйткені осыған дейінгі зерттеу мақсатының өзі де осы межеде болды.

ХІХ ғасырдың басында-ақ неміс лингвисі В.фон Гумбольдт тілді жансыз өнім емес, жасампаз процесс ретінде қарастырып, бұлардың өзара тығыз байланысына назар аударуды ұсынды да, тілдегі жоғары да нәзік құбылыстар бөлшектеп алған элементтер арқылы танылмайды, оған байланыстырып сөйлеу арқылы қол жеткізуге болатынын нұсқап кеткен болатын.
Ж.А.Жакупов «Қазақ тілі функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы)» атты докторлық диссертациясында: «Тілді жасампаз процесс деп қарасақ, синтаксистік құрылысты да әрқилы, өзгермелі, қозғалыс күйіндегі құбылыс ретінде, қарым-қатынастың шынайы құралы болып саналатын сөйлеу құбылысы ретінде контекст ішінде көруге де тиіс боламыз.
Сөйтіп қазақ тіл білімінде синтаксистік құрылыс құрылымдық аспектіден ғана тексеріліп жүр. Синтаксистік құрылыстың кешенді құбылыс екенін мойындасақ, оны әр қырынан зерттеу – ғылым міндеті. Сондықтан функционалдық аспектіге келу үшін басқа аспектілерді мазмұндамай, айналып өте алмаймыз.

Сөйлеудегі, контекстегі сөйлемді орыс тіл білімінде «высказывание» аталымымен белгілеп жүр. Оны қазақша «айтылыс» деп жүрміз. Шартты түрде алдық демесек, «высказываниенің» мағынасын «айтылыстан» гөрі «предложениенің» орнына қолданып жүрген «сөйлем» терминінің мағынасы дұрыс береді. Салыстырыңыз: сөйле-у – сөйле-м. Біздіңше, орыстың «предложениесі» қазақтың «сөйлем» деген терминінің мағынасын көмкермейді» деген көзқарасын білдіреді.

Үндіевропа дәстүрлі тіл білімінде «сөйлемнің» мәнін олқысыну, кішірейте қарау бар. Мәселен, В.Я.Плотник үшін «предложение» - оқиға, құбылыстың стандартты аталуы (номинациясы), айтылыста оқиға, құбылысты хабарлау үшін қажет «жартылай фабрикат». Сөйлем сөйлеу актісінде қолданылып барып айтылысқа айналады. Ал айтылысқа айналмаған сөйлем лингвистикалық еңбектерде кездесетін экстракт ғана. Сөйлем дербес коммуникативтік бірлік болуға қабілетсіз.
В.А.Звегинцев: «Тіл – сөйлемнің анатомиясы» деген қағида ұсынады да, сөйлеуге жатпайтын синтаксистік тізбек сөйлем емес, жалған сөйлем (псевдопредложение), ал сөйлем сөйлеуде ғана болады деген үзілді-кесілді пікір айтады.

Ю.В.Ванниковтың көрсетуінше, сөйлем мен фраза бір-бірімен сәйкес келіп отырады. Олардың меже шегі үйлеспейтін жайттар да баршылық. Осы соңғы жайтқа байланысты зерттеуші мынадай қорытындыға келеді. Қарым-қатынастың нақты дербес единицасы сөздердің грамматикалық байланыстары негізінде де (сөйлем ұғымында), интонациялық-семантикалық бірлік (фраза ұғымында) негізінде де анықтала алмайды. Бірінші жағдайда қарым-қатынастың нақты дербес единицасы интонациялық-семантикалық единица – фразадан гөрі кең көлемде болып, бірнеше фразалардан тұруы мүмкін. Екінші жағдайда қарым-қатынастың нақты дербес единицасы сөздердің грамматикалық байланыстары тығыз синтаксистік қатарынан кеңірек болып, бір-біріне грамматикалық жақтан тәуелсіз осындай бірнеше синтаксистік қатарды қамтуы мүмкін. Сондықтан қарым-қатынастың нақты дербес единицасы тіл мен сөйлеуді – сөйлем мен фразаны – түйістіруші единицалардың бірлігін көрсететін нақты тілдік бүтін күйінде ғана анықтала алады. Бұл бүтінді Ю.В.Ванников «айтылыс» деп таниды.

И.Ф.Вардульдің бұл мәселедегі көзқарасы өзгеше. Ғалымның көзқарасын қысқаша баяндап көрейік.
Қарым-қатынастың сөйлеу арнасында өтетін процестері мен оның нәтижелерін сөйлеу деп атауға болады. Тілді зерттеуші адам сөйлеуден физикалық емес, семиотикалық құбылысты көреді. Сонда да сөйлеу семиотикалық құбылыс ретінде «таза, бастапқы» материалдарды бере алмайды. Онда тілдік қана емес, тілден тыс жанама ақпарат та болады. Ал егер тіл бізді таңбалық жүйе ретінде қызықтырса, зерттеу затын бөліп алу үшін сөйлеудің таңбалық жүйе ретінде тілге қатыссыз бөліктері мен қасиеттерінен абстрактіленіп, алшақтау керек болады. Басқаша айтқанда, тілден басқа барлық мәліметтерден, барлық дыбыстық сипаттардан дерексіз болуға ұмтыламыз. Осы абстрактілеу нәтижесінде сөйлеуден басқа бір нәрсе келіп шығады, ол өзге атаумен белгіленуге тиіс. Э.Бюйсанс осыған байланысты «сөйлеудің функционалдық бөлігі» ретінде белгіленетін «дискурс» деген терминді айтады.
И.Ф.Вардуль осы терминді пайдаланып, оның ерекшеліктерін пайымдайды. Сөйлеу де, дискурс те тілді оның тікелей тағайыны (назначение) бойынша қолдану немесе осы қолданудың нәтижесі, өнімі. Тек сөйлеу нақты іс-әрекет ретінде басқа бір процестер аясында өтетіндіктен, оған әр алуан қасиеттер мен қосалқы бір құбылыстар қосылады. Ал дискурс – тілді қолданудың «таза» процесі, осы процестің «таза» нәтижесі. Сөйлеуде «тілден тыс қалдық» болады, ал дискурсте ондай қалдық болмайды.
Дискурсте қатынас құралы ретіндегі тілдегі бар нәрсе ғана болуы мүмкін. Әдетте, дискурс сөйлеуден бөлінбейді. Соның арасында лингвистикалық дескриптикада сөйлеу емес, дискурстың нақ өзі талданады. Сөйлеуді лингвист қабылдап, одан дискурсты бөліп алса болды, сөйлеудің қажеті жоқ болып қалады.

Дискурсты, сөйлеу сияқты, тіл қолдану процесі түрінде динамикалық тұрғыдан және тілді қолдану процесінің нәтижесі, өнімі ретінде статикалық тұрғыдан қарауға болады.
Сонымен, тіл мен сөйлеудің байланысы туралы пікірлер әрқилы: тіл мен сөйлеу екеуі – екі басқа құбылыс; тіл мен сөйлеу – біртұтас құбылыс; тіл мен сөйлеудің ара жігін ажыратуға болады. Дей тұрсақ та, біз қазақ тіліндегі «сөйлем» аталымынан бас тартпаймыз. Өйткені жалпыға түсінікті бір ақиқат бар.

Ф. де Соссюр айтқандай, «тіл мен сөйлеу бір-бірімен тығыз байланысты және біріне-бірі өзара ұйғарылып тұрады: тіл сөйлеу түсінікті болып, өз әрекетін орындау үшін қажет, өз кезегінде сөйлеу тіл орнап, қалыптасу үшін қажет, сөйтіп тіл мен сөйлеудің өзара байланысы анықталады: тіл бір мезгілде сөйлеудің әрі құралы, әрі өнімі».

Тіл – мән, сөйлеу – құбылыс. Философияда дәлелденгендей, мән тереңірек, құбылыс кеңірек, мән мен құбылыстың бірінсіз-бірі жоқ, бұлар тығыз диалектикалық байланыста тұрады. Сонда тіл мен сөйлеу бір нәрсенің екі жағы болып шығады. Тілге статика, сөйлеуге динамика тән. Тілде ой берілсе, сөйлеуде ой қозғалысқа, өзгеріске түседі. Ғалым Ж.А.Жакуповтың жоғарыда аталған еңбегінде синтаксистік құрылыс аясында тілді сөйлеу арқылы, сөйлеуді тіл арқылы түсіндіруі қазақ тіл біліміндегі жаңа да зәру мәселе деп ой түйеміз.

Контекст (мәтін бөлігі) мәселесі – қазақ тіл біліміндегі көкейкесті мәселенің бірі. Қазақ лингвистері өздерінің басқа зерттеу нысандарын баяндау үстінде қажетті жерде контекст атауын жол-жөнекей пайдаланғаны болмаса, оны (контексті) арнайы талдаған жоқ. Ал мәтін бөлігінің тілдің қай деңгейіне болсын қатысы бар. Бұл, әсіресе, синтаксистік құбылыста анық байқалады. Тіпті, синтаксистің басты нысаны болып табылатын сөйлемнің шын сипаты мәтін бөлігі арқылы ғана айқындалып ашылады.

Қазақ тіл білімі ғалымдарының мәтін лингвистикасы туралы ой-пікірлері.
Мәтін дүниежүзі лингвистерінің назарына іліккен кезде, қазақ тіл білімі ғалымдары да бұл мәселеге қатысты өзіндік ой-пікірлерін білдірді. Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушылар – А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов еңбектеріндегі мәтін туралы алғашқы ойлар соның дәлелі бола алады. Біздің ойымызша, ғалым А.Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атап, сөйлеудің бірлігіне жатқызады.

«Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты – шығарма сөз, ол аты қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын – бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр.
Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері:

  1. 1. Тақырыбы.
  2. Жоспары.
  3. Мазмұны.
  4. Түрі.

Тақырып – әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз туралы болса, шығарманың тақырыбы «жаз» болады. Той туралы болса, тақырыбы «той» болады, ат туралы болса тақырыбы «ат» болады. Әңгімедегі пікір не туралы екенін күн ілгері білдіру үшін, шығарманың тақырыбы басынан қойылады».
А.Байтұрсынұлы мәтіннің (шығарманың) тақырыптан, ал мәтін (шығарма) мазмұнының үш мүшеден, яғни аңдату, мазмұндау, қорытудан тұратынын көрсетті. Мәтіннің қатысымдық қызметін тудыруға қатысатын айтушы ойының өзге үшін бағытталатынын алғашқылардың бірі болып айтты.
Жоспар. Сөз шығарудан бұрын шығарушы айтатын пікірін қай ретпен жазатынын мерзімдеп, жоспарлап алады: онысы неден бастап, неден соң нені айтып, немен аяқтайтынын белгілеп алу болады. Әңгіменің жоспарын шығарушы адам я ойында белгілеп алады, я қағазға жазып алады. Қай шығарма сөзде де болса, жоспар болады.
Мазмұн. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Солай болған соң, мазмұн дегеніміз бір нәрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсаған бүкіл сөзіміз мазмұн болып шығады. Мазмұнның үш мүшесі болады:

  1. 1. Аңдату.
  2. Мазмұндау.
  3. Қорыту.

Мазмұнның аңдатуында мазмұн туралы алдын ала айтарға керек болған ғана ойлар айтылып шығады. Сондықтан мазмұнның бұл мүшесі шығарған сөздің бәрінде де бола бермейді. Аңдату мүше шығармаларда керегіне қарай болады.

Мазмұндауында, ой тиегін ағытқан сияқты, айтайын деген пікірдің бәрі айтылады. Мазмұндау – шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры, онсыз шығарманың мазмұны болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда айтылған пікірдің қорытылып, маңызы шығарылады. Қорыту мүше мазмұн біткеннің бәрінде бола бермейді, бұ да керегіне қарай болатын мүше.
Сөйтіп шығарма мазмұнының аңдату, мазмұндау, қорыту – үш мүшесінің үшеуі де болуға ықтимал, басқалары болмай, жалғыз ғана мазмұндау болуға да ықтимал, кейде аңдату мен мазмұндау ғана болады, кейде мазмұндау мен қорыту ғана болады.
Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлер үшеу:

  1. Әуезе.
  2. Әліптеу.
  3. Байымдау.

«Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, я ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін әуезе қылып сөйлейміз, я тұлға-тұрпатын, кескінін, көркін айтып, пернесін әліптеп сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы-жаман болғанының мәнісін, себебін тексере, байымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не байымдама болып шығады».
Қ.Жұбановтың еңбектерінде, қазіргі тіл біліміндегі терминдік атаулармен берілмесе де, мәтін мәселесіне қатысты пікірлердің болғандығы анық байқалады. Көрнекті ғалым Қ.Жұбанов мәтінді «сөз» деп атайды

Бұл жөнінде ғалым: «Сөз бұйымын дұрыс жасап шығу үшін де оның жасалу жолын, материалының сыр-сыпатын білу керек. ... Сөзді дұрыс құраудың жолын білу – жазылатын сөзге ала-бөле қарау. Өйткені ауызекі сөйленетін сөздің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар, - деп паралингвистиканың зерттеу нысанасы ым-ишара секілді кинетикалық амал-тәсілдерді т.б. атап көрсетеді де, ойын былайша сабақтайды: - Жазулы сөзде бұл кемшіліктердің бірі де жоқ. Кітаптың сөзі қисық болсын, дұрыс болсын, қалай жазылған болса, солай оқылады; қалай оқылса, солай түсініледі, немесе түсініксіз күйімен қалып қояды. Сондықтан, әсіресе, жазылатын сөздің қалай құру тетігін білу өте қажет» [171]. Бұдан ғалымның мәтінді «жүйелілік сипаты бар құбылыс» деп түсінгендігі байқалады. Бұл мәселелер сол кезде мәтін лингвистикасының ауқымында қарастырылмаса да, қазірдің өзінде тіл білімінің осы саласы үшін өзекті әрі құнды. Олай болса, ғалымдардың ой-пікірлері қазақ мәтін лингвистикасының алғашқы іргетасының қалануына себепші болды деп айтуымызға толық негіз бар.

Мәтін құрылысы, ерекшелігі туралы пікірлер синтаксис, стилистика саласында жазылған зерттеулерде де кездеседі. Ғалым Р.Сыздықова «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1970) деген еңбегінде қазақ поэзиясында сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып, топтастыратын тәсілдердің бірқатары орыс тіліндегімен сәйкесетінін және бірсыпырасы өзгеше, яғни қазақ тілі табиғатына сай келетіндігін айта келіп, олардың басты-бастыларын тізіп көрсетеді, ал 1974 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығында сөздің (речь) ауызша және жазбаша деп екіге бөлінетіндігі, олардың ерекшелігі сөз етіліп, жазбаша сөздегі ойдың қағазға жазылып жеткізілетіндігі туралы мынадай пікір айтады: «Сонымен жазу – ол белгілі бір текст. Бұл түрлі текстер (газет, журнал, кітаптардағы материалдар) әр жай, күйді білдіріп хабарлайды». Бұл ойдан жалпы лингвистика ғылымының зерттеу нысаны саналатын мәтін – тіл жүйесін пайдалану арқылы қағаз бетіне түскен сөздің бір түрі, яғни ол сөйлеудің хатқа түскен бейнесі түрінде анықталып отырғаны анық байқалады. Жоғарыдағы пікірлердің өзін қазақ мәтін лингвистикасына қосылған мол үлес деп түсінеміз.

Филолог-ғалымдар Б.Шалабай, М.Ахметова «Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері» атты мақаласында: «Мәтін лингвистикасы – мәтіннің мағыналық әрі құрылымдық жақтарын зерттеумен айналысатын тіл білімінің іргелі саласы. Жалпы тіл білімінде осы жаңа ғылыми саланың тез қарқынмен дамуы лингвистикалық зерттеулер ауқымының кеңеюімен, тіл біліміндегі функционалдық бағыттың дамуымен тікелей байланысты. Көптеген тілші-ғалымдар мәтін лингвистикасы арқылы кез келген мәтіннің құрылымындағы лингвистикалық заңдылықтарды ашуға мүмкіндік туатынын атап көрсетеді. Мәтінді зерттеу арқылы сөйлеу мен тілдің арақатынасы айқындалып, олардың табиғаты да анықтала түседі. Себебі мәтін тілді жүйелі қолдану арқылы сөйлеу нәтижесінде дүниеге келеді. Яғни мәтінде тілдің екі жақты сипаты анық байқалады, біріншіден, тілдің жүйелілігі, екіншіден, тілдің қолданылуы» - деп анықтайды.

Мәтін – өте күрделі тілдік құрылым. Осы құрылымды айқындайтын басты белгілері – жүйелілік және тұтастық. Мәтіннің тұтастық категориясы сол мәтінді ұғынып, мәнін түсінгенде ғана пайда болатын, оның логикалық жағымен тығыз байланысты болса, ал оның жүйелілігі күрделі бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі әдіс-тәсілдермен ұйымдасуынан көрінеді.
Қазіргі таңда лингвистикада мәтін әр тұрғыда зерттелініп, дамып келе жатыр. Атап айтсақ:

  • Онтологиялық тұрғыда – мәтіннің болмысы, алатын орны, ауызекі тілден айырмашылығы;
  • Гносеологиялық тұрғыда – мәтіндегі объективті шындықтың бейнесі, егер көркем мәтін болса, ақиқат әлемнің эстетикалық болмыстағы (идеалды әлемде) бейнеленуі;
  • Лингвистикалық тұрғыда – мәтіннің тілдік ұйымдасуы;
  • Психологиялық тұрғыда – мәтіннің қабылдануы;
  • Прагматикалық тұрғыда – мәтін авторының объективті болмысқа және мазмұнға деген қатынасы сипатталады.

Ал мәтінді таза лингвистикалық тұрғыда алып қарастыру бірнеше бағыттармен жүзеге асады. Олар:

  • басты белгілері тұтастық және жүйелілік болып саналатын мәтінді ең ірі тілдік жүйе ретінде зерттеу;
  • қатысымдық параметрлермен және соған қатысты лингвистикалық белгілер негізінде ұйымдасқан мәтіннің типологиялық құрылымын тану;
  • мәтінді құраушы тұлға-бірліктерді (единицаларды) айқындау;
  • мәтіннің негізгі категорияларын сипаттау;
  • әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің мәтін бойындағы ерекшеліктерін анықтау;
  • Тұлға-бірліктер, бөлшектер құрамындағы фразааралық (сөйлем) қатынастарды, байланыстарды зерттеу.

Бірін-бірі толықтырып отыратын тығыз байланыстағы бұл бағыттар мен жоғарыда көрсетілген аспектілер бірлесе келіп, мәтіннің табиғатын аша түсуге қызмет етеді. Мұның өзінен мәтіннің өте күрделі жүйемен құрылған құбылыс екенін түсінеміз.

Лингвистикада мәтін сыртқы тұлғасы мен ішкі мазмұны жағынан ерекше, біріккен тұтас күрделі құрылым ретінде қарастырылатыны мәлім. Мәтін мазмұн мен форма, құрылымдық және семантикалық сипаттамалар бірлігінде қарастырылатындықтан, оның композициялық, мазмұндық және тілдік ерекшеліктерін анықтау қажеттілігі туындайды. Мәтінге тұтастық, типологиялық, стилистикалық ерекшеліктер, абзац, күрделі тұтастықтарға бөліну, сөйлемдер, лексика-грамматикалық құрылымдар, мәтінішілік байланыстар, мәтіндегі сөйлемдердің тема-ремалық мүшеленуі сияқты қасиеттер тән.

Мәтін лингвистикасының пәні оның ерекше лингвистикалық категория ретіндегі ішкі ұйымдасуының заңдылықтары мен принциптері болып табылады. Мұның себебі мәтіннің ақпарат жеткізу мен алудың құралы ретінде іс жүзіндегі коммуникативтік бірлік болып танылуында.
Мәтін лингвистикасының міндеті оның (мәтіннің) құрамындағы барлық тілдік бірліктердің қызмет етуін баяндау, мәтін элементтерін зерттеу, барлық мәтіндерге тән мәтін құратын заңдылықтарды іздеу болып табылады.

Мәтін қатысымдық қызметке негізделетіндіктен, оқу арқылы қабылданатын ақпараттардың көзі ретінде жүзеге асады. Мәтіндерді игерту барысында баяндаушы жеткізетін хабарды қабылдаушы түсіну үшін мәтіннің құрылымы, мағынасы маңызды рөл атқарады. Мәтін оқу процесінде тіл үйренушілердің қарым-қатынасын іс жүзіне асырудың өзегі ретінде және өзара түсінісу, ойды жеткізу тұлғасы ретінде қолданылады.

Ғалым И.Р.Гальперин мәтін категорияларын зерттеп, мынадай категорияларды ажыратады: ақпараттылық, когезия (мәтінішілік байланыстар), прессуппозиция, проспекция, ретроспекция, континуум, модальдылық, интеграция, аяқталғандық және т.б. Аталған категориялар бір-бірімен тығыз байланысты. Ғалым мәтіндердің категорияларын екі топқа бөліп көрсетеді: 1. Семантикалық (ақпараттылық, прессуппозиция, прагматика). 2. Құрылымдық (интеграция, проспекция, ретроспекция т.б.).
Көптеген ғалымдар мәтін категорияларын семантикалық және грамматикалық деп ажыратады. Семантикалық категориялар мәтіннің ішкі жағын, грамматикалық категориялар оның сыртқы формасының ұйымдасуын білдіреді. Мәтін категорияларын ажыратуда семантикалық, құрылымдық, прагматикалық-функционалдық белгілер негізге алынады.
Мәтінді құру процесін зерттеуде «прессуппозиция» ұғымының ерекшеліктерін танып-білу маңызды. Прессуппозиция сөйлеудің басын, аяғын, бөліктерін толық түсінуге көмектеседі. Прессуппозиция деп мәтіндердің мазмұндық жағынан компоненттерін түсінуге болады. Ол ақпарат жеткізуді ғана мақсат етпейді, сонымен бірге сөйлемдердің грамматикалық жағынан дұрыстығын, қатысымдық әрекеттің табысты болуын көрсетеді. Бұл мәселемен ғалым В.А.Звегинцев көп шұғылданған. Ғалым прессуппозиция деп шарттардың жиынтығын атайды.

Сонымен прессуппозиция деп сөйлеудің басын, соңын түсіну үшін айтылған толық ойларды, сөйлеушінің (жазушының) болжамдарын, пайымдауларын айтуға болады.
Сөйлемдегі кез келген сөз сөйлеушінің (жазушының) ойына, мақсатына қарай айтылатын ойдың мағынасы қажеттілігіне байланысты предикат қызметін атқара алады. Н.И.Жинкин предикативтік құрылым арқылы мәтіндердің мағынасын анықтауға болатынын көрсетеді. Предикаттар мағыналық бірліктер жүйесін құрып, мәтіннің негізгі ойын ашуда маңызды рөл атқарады.

Мәтін сонымен қатар тұтастық, толықтық, қисындық (байланыстылық), реттілік, аяқталғандық сияқты ерекшеліктерімен сипатталады. Мәтінді туғызу барысында автор қарым-қатынасқа қатысушы серіктесінің мәтінді түсінуін ескереді. Автордың көзқарасы тұрғысынан мәтінге тұтастық, мағыналық жағынан аяқталғандық тән.
Егер суреттеудің негізінде сол заттың тұтас бейнесі қалыптасса, онда ол нақты болғаны. Мұндай бейненің тұтастығы негізгі заттың басқа заттармен тікелей және жанама қатынастар жүйесінің ашылу деңгейіне байланысты. Деңгей қажеттігінің туындауына мәтіннің сыртқы формасын құрайтын мазмұндық және тілдік құралдар деңгейінде іске асатын ойдың толық ашылуы (жеткізілуі) себеп. Мазмұндық деңгейдегі толықтық негізгі заттың басқа заттармен тікелей қатынастарының саны жағынан байқалады. Бұл қатынастар мәтінді суреттеу аспектілерінің рөлін атқарады және оларды тақырыпша деп атауға болады.

Жоғарыда айтылғандай, жеткізілетін ойдың мазмұндық толықтығына тілдік құралдардың толықтығы сәйкес келеді.
Мәтіндегі жаңа және белгілі ақпараттың бір-бірімен байланысы оңтайлы болуы тиіс. Ол табысты қарым-қатынастың шарты болып табылады. Автордың көзқарасы тұрғысынан мәтінді қабылдаушыға таныс болуға тиіс ақпарат бөлігі жіберіледі, оның есебінен мәтінде «мағыналық құбырлар» пайда болады, олар түсіну процесінде қайта орнына келуі тиіс.
Мәтіннің тағы бір ерекшелігі – оның реттілігі. Ойдың толық жеткізіліп, мәтінге айналуы коммуникативтік міндетті іске асырушы құралдардың бірі болып табылатын нақты реттілік арқылы іске асады. Мәтінде білдірілуге тиіс мазмұн ойдағымен бірдей бола алмайды. Мұндай мазмұн, ойлау құрылымы бола тұрып, ойлау я құрайды. Мәтін композициясы мазмұн элементтерінің жалғасу вариативтілігіне (түрлі болуына) жол береді. Мәтін композциясын талдауда маңызды орын алатын мәселе – мәтіннің типологиясы. Мәтіннің типологиясын тану арқылы ауызекі сөз бен жазба мәтіннің өзара ерекшеліктері ғана емес, сонымен қатар жасалу жолдары, байланыстары мен қатынастары да айқындалады. Негізгі мәселелер қатарында мәтін типтеріне сай болатын тұрақты композициялардың болуы мен олардың сақталу дәрежелері және ондай типтік композициялардың өзгеруі мен даму жолдары да аталады.

Жоғарыда көрсетілгендей, мәтіннің өзіндік құрылымы мен мағынасы бар, ол ішкі және сыртқы байланыстар мен қатынастарға негізделіп жасалады. Мәтіннің көпқабаттылығын, біріншіден, мәтіннің тілдік қабатын анықтау, яғни сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдерді талдау арқылы көрсетуге болады. Екіншіден, мәтіннің тұтастықты қалай құрып тұрғаны, яғни құрылымдық-композициялық ерекшеліктерін анықтау арқылы көрсетуге болады. Мәтіннің маңызды болып табылатын ерекшелігінің бірі – оның байланыстылығы. Мәтінді түсінуде оның элементтерін тұтас құрылымға біріктіретін байланысты құралдары маңызды болып табылады. Сол себепті байланыстылық мәтіннің негізгі түпкілікті ерекшелігі ретінде танылады. Мәтіннің байланыстылығы оның ұйымдасуының әртүрлі деңгейлерінде, яғни сөз, сөйлем, мәтіннің жеке бөліктері деңгейінде іске асады. Қолданылатын байланыс құралдары сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Байланыстың бұл түрлері көбіне параллельді түрде мәтіннің барлық деңгейінде қызмет атқарады. Байланыстың сыртқы түріне грамматикалық немесе лексикалық құралдармен берілетін формальдық көрсеткіштері бар байланыс жатады. Сөйлемдегі сөздерді байланыстыратын грамматикалық құралдар және сөйлемдер мен мәтін бөліктері деңгейінде қызмет ететін мәтін грамматикасы осы байланысты білдіреді. Мәтінде сыртқы байланыстардың болмауы оны қабылдап түсінуге кедергісін тигізбейді, бұл мәтінде басқа байланыс құралдарының, яғни ішкі байланыстың болатындығын білдіреді. Мәтінді түсінуде ішкі байланыс басыңқы орын алады. Ол мәтінді тұтас құрылым ретінде қабылдауға мүмкіндік беретін негізгі құрал болып табылады. Мәтіннің формальды түрде берілген сыртқы байланысы болғанмен, оның ішкі байланысы болмаса, мәтінді түсіну қиынға соғады.
Ішкі байланыс ұғымы «интеграция» (Гальперин 1980) және «тұтастық» (Леонтьев 1979) сияқты ұғымдарға жақын.

Мәтін категорияларының бірі болып табылатын интеграция құрылымдық-семантикалық ұйымдасудың негізін құрайды. Ол жеке бөліктердің бір тұтастыққа бірігуінің байланыстылық жағдайын, сол жағдайға жеткізетін процесті білдіреді. Интеграция мәтін тұтастығына жету мақсатында барлық мәтін бөліктерін біріктіреді, осылайша ол мәтіннің ақпараттылығымен, мәтін құрылымымен тығыз байланысты болады. Интеграция мәтінді оқу процесінде емес, оны түсіну, тұтастықты құрайтын жеке бөліктердің арақатысын аналитикалық жағынан қарастыру арқылы іске асады. Жоғарыда айтылғандай, мәтін құрылымын зерттеу барысында тұтастық, қисындылық және үздіксіздік сияқты мәтін параметрлерін ажырату маңызды. Мәтінде қозғалатын ортақ жалпы мәселе, мағынасын бірден түсінуге болатын немесе бірден түсінуге қиындық туызатын және фразадан үстем тұтастықтарды байланыстыруда қолданылатын құралдар мәтін тұтастығын қамтамасыз етіп отырады. Мәтіндегі байланыстың негізгі семантикалық құралы фразадан үстем тұтастықтың коммуникативтік орталарының мағыналық сәйкестілігі болып табылады. Егер формальдық құралдар айтылымдардың негізімен байланысуға тиіс бөліктерін жалғастыру үшін қызмет етсе, байланыстың семантикалық және лексика-семантикалық құралдары белгілі бір ара қашықтықта орналасқан мәтін бөліктерінің өзара әрекетін анықтайды.

Мәтіннің тұтастығын анықтау оны бөліктерге даралау арқылы жүргізілетіндіктен, мәтін тұтастығын құраушы элементтердің арасындағы тұтастықты қамтамасыз ететін құралдар ғана мәтінді құрауға мүмкіндік туғызады. Тілдік құралдар арқылы сомдалған ой, бейне, пікірдің құрылымын анықтау осы кезеңде өтеді. Сөз жеке тұрғанда заттың, қимылдың және т.б. атауы болып, номинативтік қызмет атқарса, тіл қарым-қатынаста белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты қолданылып, қарым-қатынастық қызмет атқарады. Тілдік қарым-қатынаста қолданылып, қатысымдық байланысқа түскен сөз айтылатын ойға қатысты нақтылы мағынаны білдіреді және басқа тұлғалармен біртұтас қолданыла келіп, тиянақты ойды, мазмұнды көрсетеді.

Мәтін құрау заңдылықтары туралы С.И.Гиндиннің және А.И.Новиковтың да еңбектерінің мәні үлкен. А.И.Новиков мәтіннің семантикасы мен формальдық көрінісіне кешенді талдаулар жасай келе, «мәтіннің мазмұны түсінудің тікелей нәтижесі мен бейнелеудің денотаттық деңгейіне сәйкес келеді» деген түйін айтады. Сонымен бірге А.И.Новиковтың пікірінше, мазмұндық ойлау мәтін мағынасының рөлін атқара отырып, тіркелмеген. Ол әрдайым мәтінді қабылдау кезінде оны түсінудің нәтижесі ретінде пайда болады. Оның негізгі мәні мынада: мәтінді құраушы тілдік бірліктердің мағынасы арқылы құрылатын мәтіннің мағынасы деген не? Ол тілдік бірліктер мағынасының жиынтығы емес. Бұл жерде сапалы ауысу болады. Сондықтан түсінудің мұндай нәтижесі тілдік таңбаға қатысты емес].
Э.Д.Сүлейменованың пікірі бойынша, «мәтін мағыналық (мәндік) жағынан тым қозғалмалы бірлік болып есептеледі. Мұндай қозғалмалылықтың мәнісі мәтіннің түрлі факторлармен детерминденген-дігімен байланысты».

Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның құрылымдық тұтастығымен тығыз байланысты екені белгілі. Мәтінді құру процесінде оның бірліктері жеке тізбектерге, яғни мәтіннің денотативтік мазмұнын көрсететін объективтік-семантикалық және әлеуметтік-субъективтік байланыстар негізіндегі принциптер бойынша іріктеледі. Мәтін коммуникативтік бағыттылығы тұрғысынан зерттелген еңбектерде мәтін құрылымының әр түрлі болып, субъективтік факторларға тәуелді болатындығы айтылады. Адам шындықты үздіксіз қабылдамайды, ол белгілі бір «бөліктерді», «кванттарды» қабылдайды. Лингвистикалық әдебиеттерде «қабылданатын ақпараттың бөліктері» деп анықтап көрсетуге болатын бөліктер «фразадан үстем тұтастық» немесе «күрделі синтаксистік тұтастық» деп аталады. Лингвистер өз зерттеулерінде «фразадан үстем тұтастық» немесе «күрделі синтаксистік тұтастық» ұғымдарына сипаттама береді. Л.М.Лосеваның айтуынша, сөйлемнің барлығы бірдей күрделі синтаксистік тұтастық құрамына ене бермейді, яғни олардың кейбіреулері оның компоненті бола алмайды.

Күрделі синтаксистік тұтастық құрамындағы сөйлемдердің байланысы ең алдымен тілдің коммуникативтік бірліктерінің арасындағы байланыс болып табылады. Ғалым О.И.Москальская «күрделі синтаксистік тұтастық» терминінің орнына «фразадан үстем тұтастық» терминін қолданады. Ғалым фразадан үстем тұтастық пен тұтас тілдік туындының шекарасы сай келуі мүмкін дей келе, қысқа көлемдегі тұтас тілдік туынды (қысқа әңгіме, ауа райы туралы болжау, хабарландыру т.б.) бір фразадан үстем тұтастықтан тұра алатындығын ескертеді. Сондай-ақ фразадан үстем тұтастықты синтагматикалық және функционалдық ұғым ретінде атап өтеді. Синтагматикалық тұрғыдан фразадан үстем тұтастық сөйлемдердің арнайы ұйымдастырылған (тұйық) тізбегін көрсетеді, ал функционалдық тұрғыдан анықталатын синтаксистік бірлікті толық айтылым ретінде сипаттайды [180]. Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның мәселесінің бірлігінде жатыр. Мәселе – мәтіннің мағыналық түйіні, мәтіннің қорытылған мазмұны. Фразадан үстем тұтастықты құруға себеп болатын сөйлемдердің бір тақырып төңірегіне бірігуі мәтіннің мағыналық жағынан тұтастығын көрсетеді. Аталған көрсеткіштер мәтіндердің оқу іскерлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар мәтін мәселесін қарастыруда азат жолдың ерекшеліктерін анықтау да маңызды. Ғалымдар (Н.И.Серкова, Т.И.Сильман және т.б.) фразадан үстем тұтастық пен азат жол сай келеді деген пікір айтады. Азат жол-ауызша фразадан үстем тұтастықтың эквиваленті болып табылмайтын, тек жазба сөзге ғана тән пунктуациялық таңба. Ол жазушының еркі және экспрессивтік интенциясымен себептес субъективтік прагматикамен сипатталады. Ол әрдайым мағыналық жағынан аяқталғандығымен сипаттала бермейді. Азат жол ең алдымен оқырманның назарын аудару, кейде тек бір ғана сөйлемді акценттік анықтаудың тиімді тәсілдерінің бірі. Бір мәтінді әр автор азат жолға әр түрлі етіп бөле алады. Бұл көбіне жазушының шығармашылық ерекшелігіне байланысты. Бұл орайда В.Матезиус азат жолға бөлуде шешуші рөлді жазушының нақты ойы атқарады деп көрсетеді. Кейбір авторлар азат жолға сараң болса, қайсыбіреулер мәтіндегі маңызды ақпарат үшін жаңа сөйлемді азат жолдан бастауға дайын тұрады. Өзінің шығармасының мағыналық әуенін, мәнін басқалардан жақсы түсінетін болғандықтан, оны әрбір нақты жағдайда автор өзі жасауы тиіс.

Азат жол құрамында аяқталмаған фразадан үстем тұтастық бола алады. Бір фразадан үстем тұтастық бірнеше азат жолдарға бөліне алады. Көп жағдайда фразадан үстем тұтастық азат жолмен басталады, бірақ олар бір-біріне әрдайым сәйкес келе бермейді. Фразадан үстем тұтастық азат жолдың ортасында аяқталып, сонымен қатар бастала да алады. ФҮТ (фразадан үстем тұтастық) екі немесе одан да көп азат жолды қамти алады. ФҮТ пен азат жолдың бірқатар мазмұндық және формальдық сипаттамаларында сәйкестіктер болғанмен, екеуінің арасында айырмашылықтар бар. ФҮТ-та объективтік шектеулі микротақырыпты тұтасымен білдіретін айтылым болады. Жеке азат жолдарда міндетті түрде аяқталған микротақырып бола бермейді. Нәтижесінде бір айтылым арқылы көрсетілген микротақырып ФҮТ-ты білдірсе, тұтас ФҮТ екі және одан да көп азат жолдарды қамтиды, яғни азат жол пен ФҮТ бір-біріне сәйкес бола бермейді. Семантикалық жағынан азат жол мен ФҮТ бір-біріне сәйкес болмағанмен, олардың ортақ белгілері де бар. ФҮТ пен азат жол мәтіннің аяқталған тақырыптық бөлігін білдіре отырып, екеуі де баяндаудың негізгі линиясын дамыту қызметін атқара алады.
Бірнеше азат жолдан тұратын ФҮТ компоненттерінің арасындағы байланыс кез келген лексикалық және грамматикалық тәсіл арқылы іске асады. Сонымен қатар көптеген авторлар азат жолда құрылымдық-композициялық бірлікпен бірге семантикалық-стилистикалық бірлікті қарастырады. Н.И.Белунова азат жолдың басқа тілдік категориялардан айырмашылығы оның стилистикалық категория болып табылуы деп көрсетіп, лексикалық-синтаксистік қайталаулардың ортасы болып табылатын азат жолды мәтіннің стилистикалық-композициялық, делимитациялық-біріктіруші бірлігі деп анықтайды. Азат жолдың біріктіруші немесе делимитациялық қызметінің маңыздылығы оны (азат жолды) жүйелеуге негіз болды. Осы жүйеге сай Н.И.Белунова азат жолдарды мынадай үш топқа бөледі: 1. Делимитациялық және біріктіруші қызметі тепе-тең болатын; 2. Біріктіруші және делимитациялық қызмет атқаратын, бірақ біріктіруші қызметі басым болатын; 3. Делимитациялық және біріктіруші азат жолдар, бірақ делимитациялық қызметі басым болатын. Сонымен, азат жол – мәтін категориясы, ол бір уақытта бір-біріне қарама-қарсы екі қызмет атқарады: 1. Біріктіруші қызмет – азат жол құрамына енетін компоненттер мен азат жолдың өзіндегі тұтас аяқталған бөлікті мәтінге біріктіретін қызмет; 2. Делимитациялық қызмет, яғни тұтасты бөліктерге бөлу қызметі.

Ғалымдар атап көрсеткендей, жеке сөйлемдер де мәтін қызметін атқара алады. Бұл орайда сөйлемді коммуникативтік бірлік ретінде қарастыратын лингвистикалық зерттеулер көңіл аудартады. Ғалым М.В.Никитин коммуникативтік бірліктің мазмұны ретінде сөйлем үш бөліктен тұрады деп көрсетеді: 1. Коммуникативтік бірліктің когнитивтік мағынасы (сөйлемнің терең құрылымы, оның референциалды, денотативтік, пәндік-логикалық мағынасы); 2. Коммуникативтік бірліктің мазмұнына прагматикалық мағыналар енеді және олар кез келген деңгейдегі номинативтік бірліктің когнитивтік мазмұнын толықтырады; 3. Коммуникация құрылымына және мақсаттарына қатысты коммуникативтік мағыналар. В.А.Звегинцевтің пікірі бойынша, жеке сөйлемде мағына болмайды. В.А.Звегинцев сөйлем тек контекст құрамында өмір сүреді деген пікір айтса, И.Р.Гальперин сөйлем синтаксистің бірлігі ретінде мәтінде ие болатын нақты мағынасы жағынан ғана емес, сонымен қатар құрылымдық және семантикалық тұрғыдан қарастырылуы тиіс деген пікір айтады. Сөйлем мағынасын терең зерттеуде Н.Д.Арутюнова бұл жағдайды анық дәлелді көрсетеді. Номинализацияланған құрылым сөйлем негізінде пайда бола отырып, ары қарай мәтінде нақты фактінің субституты ретінде қызмет ете алады. Сөйлем мағынасы денотативтік деңгейге жылжиды, абстрактілі мағына референциямен бірігеді. Келесі айтылған ой мәтінде берілмеген сөйлемнің мазмұндық жағын атап өтеді, ой тілде сөйлем формасы арқылы мәтіннен тыс жеткізіледі. Мәтіннің ерекше таңба ретіндегі тұтастығы оны құраушы бөліктердің тақырыптық байланыстылығына ғана тәуелді болмайды. Көп ретте мәтіннің тұтастығы – коммуникативтік мақсатына байланысты. Мұндай тұтастықтың көрінісі мәтіннің үзінділерінің (фрагменттерінің) мәндік байланысы арқылы байқалады.

Мәтіннің коммуникативтік жағынан ерекшелігі оның (мазмұн жағынан да, форма жағынан да) динамикалық ұйымдасуымен байланысты. Мұнда мәтіннің кванттық бөлшектенуі формальдық белгілерге қарап жүргізілмейді. Оны есте сақтау қажет. Егер айтылымға тән басты қасиет оның құрылымдық жағынан аяқталғандығы болса, мәтіннің шегі құрылымдықтан коммуникативтік созылыңқы кеңістікке ауысып отырады. Оның дискреттік ұйымдасуы белгілі бір ақпараттық тізбекте анықталады. Мәтіннің құрылуының ішкі мақсаты (интенциясы) жекелеген айтылымдардың жасалуын емес, тұтас мәні бар мазмұнды беру болып табылатынын ғалымдар атап көрсетеді.

Н.С.Поспелов сөз тіркестері мен сөйлемдерден басқа тағы бір синтаксистік амал «күрделі синтаксистік бірлік» туралы айта келіп, бұл синтаксистік бірлік біршама аяқталған ойды білдіретінін айтады. Күрделі синтаксистік бірлік құрамында сөйлем түрлерінің барлығы да кездеседі. Синтаксис ілімінде қалыптасқан пікірлерге қарағанда, жай сөйлем, күрделенген сөйлем біршама тиянақты ойды білдірсе, құрмалас сөйлемдер тиянақты ойды білдіреді. Ал күрделі синтаксистік бірлік толық аяқталған ойды білдіреді. Күрделі синтаксистік бірлік – синтаксистік амалдардың ең жоғарғы түрі. Оның құрамынан өзінен төмен тұрған барлық синтаксистік амалдарды табуға болады. Олар синтаксистік бірлік құрамында тұрып, бір-бірімен мағыналық, грамматикалық жағынан байланыста болады. Басқа синтаксистік амалдардан күрделі синтаксистік бірліктің айырмашылығы оның мағынасы мен құрылымында. Яғни ол кемінде біршама тиянақты күрделі ойды білдіретін екі предикативтік амалдан құрылып, толық аяқталған күрделі ойды білдіреді.
Тұтастық – бұл ішкі бірлікте байланысқан мәтінді қабылдау нәтижесінің сипаттамасы, ал байланыс – бұл берілген сипаттаманы қабылдауға мүмкіндік туғызатын құрал. Осылайша ішкі байланыс қисындылықтың негізгі құралы, ал сыртқы байланыс оған қосымша байланыс болып табылады.

Мәтіннің аяқталғандығын білдіретін формальдық көрсеткіштер болмайды, ол мазмұндық деңгейде сипатталады. Бұл – толықтық, реттілік, ішкі байланыстылық және т.б. мәтін параметрлері негізінде пайда болатын интегративтік параметр. Олар мәтінді қабылдап түсіну барысында автордың ойына сәйкес келетін мазмұнның тұтас бейнесін қалыптастыру мақсатында қызмет етеді. Егер мәтіндегі барлық негізгі тақырыпшалар мен субподтемалар мәтін тақырыбын жинақтауға мүмкіндік беретіндей толық ашылған болса, мазмұн бейнесінің толықтығына жетуге болады. Мәтіннің толықтығы жеткіліксіз болып, реттілік немесе басқа элементтер болмаса, мәтін тақырыбы анықталмайды, өйткені олар маңызды рөл атқарады. Мұндай жағдайда мәтін аяқталмаған болып есептеледі. Осылайша мәтіннің аяқталғандығын білдіретін белгі тақырыппен тығыз байланысты.
Мәтінді оқып түсіну арқылы тыңдаушы бұрын болып өткен ойлау процесін «қайта басынан кешіреді». Бұл – бір психикалық процестің нәтижесі ретіндегі туындының (мәтіннің) екінші санада қайтадан «қорытылып», орнығу процесі.

Мәтіннің процессуалдық жағын тілдік ойлау әрекетінің нәтижесін емес, сол әрекеттің өзін зерттейтін психология қарастырады. Мәтін – оны (мәтінді) түсіну процесінде туындайтын сыртқы және ішкі формаларының бірлігі. Сондықтан мәтінді зерттеуде оның аталған статикалық және динамикалық қалпының ескерілуі қажет. Мәтіннің ішкі формасы оның сыртқы формасына қарағанда басыңқы орын алады. Ол мәтіннің негізгі фундаменті болып табылады. Ол сөздерді орын орнына қойып, сөйлемдердің тұтас бірлік ретінде байланысуын іске асырады. Мәтіннің тығыз байланыстылығы, тұтастығы оның ішкі формасына, яғни ойлау мазмұнына негізделеді. Түсіну процесінде мәтін тілдік бірліктермен басқарылып отырғанмен, ішкі форма ойлау ерекшелігіне қарай маңызды рөл атқарады. Мәтінді зерттеуде оның ішкі формасын түсінуге жеткізетін құралдардың ара-қатысын ескеруге баса назар аударылуы тиіс. Мәтінді жалпы тілдік ойлау бірлігі ретінде қарастыру үшін «мәтін семантикасына» тоқталу қажет. Мәтін семантикасын түсінудің тікелей нәтижесіне сәйкес келетін ойлау құрылымы құрайды. Мұндай нәтиже тілдік құралдардың жиынтығының тікелей әсерінен ақыл-ойда пайда болатын ақпарат ретінде болады.

Мәтіндегі ақпаратты мағыналық өңдеу графикалық таңбаларды қабылдаудан басталады. Мағыналық өңдеу кезінде қабылданған бірліктер арасында контекстік мағына орнайды. С.К.Фоломкинаның пікірінше, сөздер синтагмаларға, синтагмалар мағыналық бөліктерге, мағыналық бөліктер тұтас тілдік шығарма ретінде мәтінге айналады.
Ақпаратты мағыналық өңдеу бірліктерін зерттеушілер әр түрлі тұрғыдан қарастырады. А.Н.Соколов ақпаратты мағыналық өңдеу бірліктерін сөйлеу кешеніне негізделген мағыналық бірліктер деп көрсетсе, Л.В.Щерба, Н.И.Жинкин, А.А.Леонтьев және т.б. оларды семантикалық және құрылымдық жағынан тығыз бірлікте болатын синтагмамен бірге қарастырады. С.К.Фоломкина синтагманы оқылған ақпаратты мағыналық өңдеудің бірлігі ретінде зерделейді, яғни синтагма-лексикалық мағынамен бірге нақты мағыналық қатынастарды жеткізетін бірлік. Графикалық таңбалар арқылы берілген сөздердің белгілі бір мағынаға ие болып, айтылатын ой-пікірдің оқырманға өңделіп жеткізілуі мәтіндегі ақпараттың мағыналық жағынан өңделгенін білдіреді.

Мәтінді түсіну мен қабылдау процестерін қарастыруда Н.И.Жинкин грамматика мен семантикалық арақатынас мәселелеріне көп көңіл бөлді. Сонымен бірге ол мазмұн мен мағынаның өзара қатынасына, мәтіннің мағыналық құрылымына ерекше мән берді. Ғалымның пікірінше, мәтін ойды біреуге жеткізу тәсілі болып табылады.

Мәтін мазмұны қарым-қатынас кезінде әрбір сөйлеушінің түсінетін тіліне ішкі сөйлеу арқылы аударылады. Ішкі сөйлеушінің мәселесімен алғаш айналысқан – Л.С.Выготский. Ішкі сөйлеу – басқа әрекеттерге қарағанда күрделенген, өзіндік ерекшелігі бар әрекет. Ішкі сөйлеуде ойдың өңделу процесі іске асады.

Қабылдау тек бір нәрсеге қарау ғана емес, бейнелер мен нысандарды салыстырып түсіну болғандықтан, қабылдау процесі ойлануды қажет етеді. Қабылдау – ми қабығының күрделі аналитикалық және синтетикалық қызметінің нәтижесі. Қабылдаудың нысаны кейбір жеке қасиеттерден, жеке бөліктерден тұрғанымен, оларды тұтас қабылдау қажет болады. Тұтас мәтінді қабылдау, оның мазмұны арқылы ақпаратты түсіну күрделі процесс болып есептеледі. Мәтінді түсіну оның заттық-мағыналық мазмұны бойынша пікірлесім құруды мәселе етіп, оны шешу жолдарын іздестіруге дәлелдер жинақтауға жетелейді. Мәтінді түсіну кезінде мағыналық бірліктердің кодтарын қайталап құру басталады. Мағыналық қабылдау қайта құрылады, мәтіндер жүйелілігінің құрылымы сызықтық түрде көп қабаттылыққа айналады. Бұл бір уақытта болжалдау және фразалық, фразадан тыс және мәтіндік мағыналардың қабылдануын көрсетеді.
Мәтіннің барлық лексикасынан тірек сөздерді немесе «мағыналық кезеңдерді» анықтауда тірек сөздер мәтіннің жалпы мағынасын айқындауға көмегін тигізіп, жеке сөздердің мағынасын тұтас контекске біріктіруге мүмкіндік туғызады.

Ұсынылатын әдебиеттер
Негізгі әдебиеттер:
1. Оразалиева Э. Когнитивтш лингвистика: кальштасуы мен дамуы. Монография. •чАлматы, 2007. -312 б.
2. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. -Минск, 2004. -256 с.
3. Жубанов Ц, К^азак тип женшдеп зерттеулер. - Алматы: Гылым, 1999.-581 б.
4. Аманжолов С. Казак тип теорнясыньщ непздер1. ~ Алматы: Гылым, 2002. - 368 б.
5. Жаманбаева К. Тш колданысыньщ кошнтгштк иепздерх: эмоция, символ, тшдок сана. -Алматы: Гылым, 1998.-140 б.
6. Сулейменова Э.Д. Казахский и русский языки: основы контрастивной лингвистики. Изд-м« второе. -Алматы, 1996.-207 с.
7. Сепир Э. Избранные труды по языкознанию и культурологии. -М., 1993. - 656 с.
8. Краткий словарь когнитивных терминов. //Под общей ред. Е.С.Кубряковой. -М., 1996 -345.
9.0м1рбекова А.Б. Ковдехшлж к^ылымдардьщ поэтикалык мэтшдеп вербалдану ерскшелш (М.Макдтаев прэзиясы бойынша). Канд.дис. авторефераты. -Алматы, 2006. - 30 б.
Қосымша әдебиетер:
1. Уорд Б. Л. Отношение норм поведения и мышления к языку. Новое в лингвистике. Вып. I — М. 1980. 60 с.
2. Дни илси ко В.П. Языковая картина мира в гипотезе Сепира-Уорфа. -М., 1999. - 120 с.
3. Серебренников БА. Язык и мышление. -М.: Наука, 1988,254 с.
4. Ислам А. Ұлттык мәдениет копгекешдеп дүниенің тщдце суреті (салыстырмалы- ио'Шрмалы лингвомәдени сараптама). Фил.ғыл. докт ...дис. -Алматы, 2004. -324 б.
5. Ьнилуллима А.А. Основы моделирования языковой картины мира. —Алматы, 2004. 6. Байтұрсынов А Тіл тағылымы. -Алматы: Ана тілі, 1992. - 264 б.
7, Аймауытулы Ж. Жан жуйес1 мен онер тандау. -Алматы: Жалыи, 1993.
8. Жұмабаев М. Психология. -Алматы, 1993, 269 б.
9. Леонтьев АА. Основы психолингвистики. -М.: Высш. шк., 1997.-270 с.
10. Леоитьев А. А. Язык, речь, языковая деятельность. -М.: Просвещение, 1969.-214 с.
11. К.Жинкин Н.И. Речь как проводник информаций. -М.: Наука, 1982. -160 с.

Қысқаша шолу
Пән атауы: Қазақ тілі мен әдебиеті
Көлемі: 20 бет
Жұмыстың түрі: Реферат

Жүктеу үшін авторизация жасаңыз