Вы здесь
Тіліміздің - жағдайы мен болашағы
23 мая 2013 | 8298Өскен, өрлеген шағымызды айта отырып, өзіміздің өзекті мәселемізге мән бермеуіміз ендігі уақытта үлкен айып.
Асқар таудай асыл адамдарымыздың жолын жалғастыра отырып, кейін кету емес келешекке көз салуымыз әсіресе қазіргі уақытта, керек-ау деймін. Себебі өтіп жатқан үлкен дүниенің өсуі мен өрбуі әр халыққа ой салдырып кемістігі болса кейінге қалдырып, алдағысы болса жетегіне алатыны анық.
Қай заманды алсақ та: мейлі құл дәуірі, болмаса феодалдық, немесе капиталистік, не социалистік заман болса да басты сыртқы күштіліктерден гөрі,ішкі сезім билеген қасиет түбінде жеңіп алға әкететіні белгілі болды.Оның түбірі тіл мен дін, саналы салт пен дәстүр,іштен шыққан қандастық пен өнер-білім болып келген.
Ол туралы кеңірек айтсақ. Мысалы, Шыңғыс ханның өзі мен ұрпағының жарты дүниені жаулап алуына олардың жекелей өсуімен қатар, ішкі ортасын қатты сүйгендіктің әсері деуге болады. Өзінен 100 есе үлкен, 10 есе мәдениеті жоғары елдерді жеңіп алуына шешуші роль атқарды дейміз. Сол сияқты басқа да басшылардың төл ісі осыкың негізіне сай боп өткен.
Бұған мән бере келе, Нұрсұлтан Назарбаев Астанада айтқандай (27 желтоқсан 2008ж.),» үлкен ғалым Л. Гумилев бір сөзінде: Сила народа не в его
численности,а в уровне духовно-культурной развитости»-деген.
Оған әрине көптеген елдің байымды істері мысал бола алады. Атап айтсақ Жапония, Германия, Израиль, Сингапур, Финляндия тағы басқа мемлекеттер өз проблемаларын өздері шешкен,ішкі жағдайды дұрыс ұйымдастырғандықтың әсері деуге болады.
Сондықтан өз бостандығымызды алғаннан кейін осындай бағытта салғыртықсыз жұмыс жасау бізге де парыз іс сияқты.
«Алдымен артыңа қара, сосын алға бас»-деген қазақ сөзі жадымыздан кетпей, көңілімізде әлі де сайрап тұрғандай, себебі кейбір жағынан алға кетсек те,кейбірінен артта екеніміз бізге емес, алашқа да аян. Венгрияның бір жаны ашыған азаматы: «Қазақстанда бәрі бар, әлеуметтік-экономикалық өсу қарқыны да жаман емес, тек өз тіліне мән бермеген халық екен» - депті. Расында 1991 жылы заң қабылданса да мемлекет тілінің құр аты бар да,заты жоқ екені рас шаруа.
Оны қолдану үкіметте отырғандарға үлкен ауыр азап сияқты көрінед, жарты дүниесінен айрылып қалатындай түрлі себептермен салғырт қарауға машықтанып алған. Айтатын аргументтері де осал емес:» мемлекет ісін жүргізу, жаңа дәуірге сай жаңа технологияны кіргізу,мамандандырылған істерге жол ашу тек орыс тілінде ғана болатын шаруа » –дейді олар. Мүмкін дұрыс шығар. Осындай кезеңге тап болғаннан соң, кейін кету мүмкін емес екенін ашық айтқан жөн болар еді-ау деп те көбі ойлайды, бірақ әр жанұяның алдына келетін жағдай бұл. Қайсысына қазақшаға, не орысшаға берем бе деп баласын оқытуға мазалайды көбін . Үкіметтің саясатын қайдан білсін. Ашық деп айтады,анығы басқаша. Баяғы Совет үкіметі кезіндей, орыс тілін білмесе қызметтен не басқадан қағылып қалып қалама ма деп халық қауіптенеді. «Ылғи мәзі болған, артта қалған, өзін де, елін де біреу билеген бахилды қазағым қашанда қор боп өтуден жазбапты ғой» –деген сөз естен кетпейді шын болса одан қалай қашасың...
Өткен уақыт өтті. Қазіргі ісімізді енді шамаласақ негізінде жастарымыз бизнеспен айналысқасын ортақ орыс тілінсіз күн көру қиын екенін айтады, енді одан жақын арада кете алмаймыз,«Саудамен салтыңды түзей алмайсың,сақалмен еліңді көгерте алмайсың»-деген өзбек сөзін де еске алуға тура келеді,бұл жерде.
Бизнеске көштік –деп, қазақ атымыздан айрылып қалсақ,ал салтымызбен-дәстүрімізбен жүреміз-деп, алдыңғы елдердің қатарына қасыла алмасақ не пайда одан,екі оттың ортасында еріксіз тағы шыдауға тура келеді.Басқа елдер сияқты( Өзбекстан, Азербайжан, Украина, Балтық елдері) біз бірден бұл істі жете қолға алмадық . Халқымыздың тарихы бәрімізге аян.
Патша үкіметінің санағында қазақтар 13 млн. жақын болған екен, ол Россияда үшінші орында , орыс пен Украиннан кейін тұратын.Бертін 1921 және 1931 жж.аштықтан , сосын 1929 ж.конфискация мен 1941-1945 жж. отан соғысынан соң халықтың саны күрт азайып 1959 ж. санақта 5млн. аз-ақ жетпеген, Қытайға-2,5 млн.,Россияда-1,5млн.,Узбекстанда-1,0 млн. астамы күн көріс үшін қашып кеткен. Басқа мемлекеттерге кеткендер де аз емес (Туркия, Иран; Ауғанстан, Монголия). Содан кейін жаңа 2009 ж.санақта қазақтың саны қайтадан өсіп 10,0 млн. жетіпті. Қазір айтуларына қарағанда 16,2 млн. халқы бар Қазақстанда қазақтардың саны- 60 пайыз, орыстар-27, украиндар-5, ұйғыр -3, неміс пен корец-2 пайыз шамасында болса керек.
Өсуін өссе де 11 пайызы, әлі біз өз тілімізді түсінбейміз , не шала білеміз деген жауаптары кездеседі, ал басқа халықтың 8 пайызы түсінеміз, әрі сөйлейміз дегенді естіп хош көрдік. Бұны санақсыз-ақ жұрттың көбі біледі,білгеніне қарай істің ертең өзгеретіне сенеді де.
Шынтуайтына келсек, негізінде қазақ тілі: кең, ашық, сөзі анық (әсіресе сөйлеуге), ырғақты (ән айтуға),жазуға қолайлы(шығарма мен ғылымдық тұрғыны сараптауда),тарихы терең,грамматикасы басқадан алған емес өзінің табиғатымен бірге өрленген-бөлек екенін басым көпшілік тез ұғып, дүние жүзінде өз орны бар екенін білді.Қазақтың көбі бірнеше тілді игергендіктен өз тіліміздің осындай болғанын , ішкі және сыртқы қасиеттерін жақсы көреміз.
Қазақтың өз ұлтының аты ХV ғасырда ғана «Алтын орданың» құлауынан басталса да, оның арғы атасы қыпшақтар (орыстар половцы деп кеткен) негізінде осы тілде сөйлеген. Дала ноғайлары деп аталса да, кешегі Едігелер басқарған « Алтын орданың» үкімет тілі болған, бұл ортақ тіл қазір Египет, Иран, Қытай елдеріндегі архивтерден табылып жатыр, яғни үлкен мемлекеттердің арасындағы елшілік хатттар осыны дәлелдеген.
Бұл туралы ғалымдардың еңбектері мен түсініктемелері себеп бола алады. Сарайшық пен Алтын сарай қалаларын жермен жексен еткен орыстың патшалары бұның бәрін көрсетпей тарихтан жойғысы келді. «Сырын ұқпағанның санасы басқа» - деген сөз осыған себеп болған. Ғылыми тұрғылар және бергі қазбалардың нәтижесі ендігісін дұрысын айтады деп сенеміз. Дүниедегі ең алдыңғы мемлекеттердің бірі болған «Алтын ордадағы» шын құбылыс орнына келіп, шындық ашылады деп күтеміз.
Сонда, бұл Азияның ата тілдерінің бірі өз орнына келетініне шек келтіруге болмайды.
Әрине, ол кездегі тілмен мен қазіргі қазақ тілінің айырмашылығы аз болмаған. Мысалы, орыс тіліндегі Киевтің Русін оқысаңыз, қазіргі тілден ерекше екені белгілі. Ал Қытай тілі әлі де бірнеше бөлікке бөлініп бірін-бірі түсінбейтіндері де бар.
Сондықтан бұған таң қалуға болмайды, «50 жылда ел жаңа» десе қазақ, «100 жылда жаның жаңарады» - деген бұның алдында шыққан шын сөздерінің бірі.
Кейбір жыраулар мен ескі қиссаларды тыңдап отырсақ: Ер Тарғын (ноғайлықтар, 1200 жылдың шамасында), Қара Қобыланды батыр (қыпшақ, 1300 жылдарда өткен), Алпамыс (өзбек жерінде, 1400 жылдар шамасында- өзбектер 600 жылдығын атап өтті), ескі нұсқаларын көргенде бір сөз осы жерлерде әртүрлі мағынада айтылған , мысалы: шалбардың өзі – сым – қаптама, ал жастық – көпшік – басжатар т.с.с.
Біздегі бір кемшілік оқыған мамандарымыз бен ғалымдарымыз осы жағын әлі де толық мәнін анықтамай, болғанға анық баға беретін шын ғылыми тұрғысын дәлелдеу болып отыр. Ол әрине орнына келетін жәй деп ойлаймыз.
«Алтын ордадан» кейін, қазақ өз тізгінін өзі алып дербес мемлекет болуға ат қойды. Оның басында Қасымхан, Әз-Жәнібек пен Керей, Тәуке хандар аз еңбек етпеді. Сол кезде тіліміз өте жақын қалыптасып үш жүздің барлық рулары мен Алаш тұқымын тегіс баурап әкетті.
Тарихшы Дулатидың, Асан қайғы мен Әулие атанған Әнеттің, Фарабиден кейінгі аса білгір ҚожаАхмет Яссауидің жазғандары салтымызды таңдандырып, жер мен ел аттарын өзіне сай етіп қойып, ерлердің есімін ел алдында дұрыс айтып шоғырлап, тілімізді тереңдетіп берді. Бұған қосылған мыңдаған ақындар мен билер сөз құдіретін кеңейтіп, тіліміз елді біріктіруге, сырттағы жаудан қорғауға, ішіміздегі шалалықты жоюға, өнерді көтеруге халқымыздың қаны сияқты боп қалыптасты.
Бәртін келе әсіресе қазақтың ұлы билері мен Абылай және одан кейінгі заманда тіліміздің арқасында мәдениетіміздің көтерілгеніні соншалық әр ауылымыз ән мен күйдің, жыр мен сөздің, ақын мен күйдің көркі боп көрінді.
Совет үкіметі кезінде араб әрпімен, латын, кирилица алфавиттері де кіргізілгеніне қарамай қазақша оқыған азаматарымыздың саны көбеймесе, азаймады. Жазушылар мен ғалымдардың көбі қазақша сөйлеп, еңбектерін ана тілінде жазып, кейін тек орысшаға аударып отырды (Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов, Әліби Жангелдин, Мағжан Жұмабаев, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин т.б.), соның әсеріме қалай жоғарғы жақтағылар қазақ тілімен жөнді санаспай, қабылдамай қойды. Ендігі уақытта еріксіз орыс тіліне көшуге тура келді. Балаларын да орысшаға беріп, орысша білмесе қызметке алынбайтын жағдайға көшті, әсіресе 1954-1956 жылдардан (тын игеру басталғанда) кейін алдыңғы қатарлы азаматтар балаларын тегіс басқа тілге баулыды. Тек ауылдағы жерлерде қалғандар ғана амалсыздан қазақша оқытты. Көкшетауда 100 мың халықтың 28 мыңы тұрғылықты қазақта, бірақ қазақша ескі мектеп болды №3 ,сиымдылығы 250-300 адам. Міне, осындай асыра сілтеу саясаттың арқасында тіліміз бірте-бірте кейін қалуға мәжбір болды. Қазір қарасақ оқыған 10 адамның 2-3 ғана қазақша таза сөйлеп, грамматика мен тарихын жақсы біледі. Әрине 2-3 адам 7-8 адамға қарсы тұра алмайтыны белгілі, сондықтан үкімет және қолайлы органдарға соңғысы барып, бастапқылары солардың соңына еруге тура келді. Ақыры ол неге соқты, ана тілімізді дәріптейтін, жүргізетін , жетілдіретін қауым қысқартылуға айналды.
Жазушылар мен ақындар, драматург пен басқа мәдениет қызметкері күрт кеміді. Бұрынғыдай таласып, таңдаулылары ғана ел бетіне көрінетін , оны бастайтын заман өтті.
Ғылымның негізінен бәрі тегіс орыс тілінде жазылып, мамандықтарды үйрену әрі істеу, тек сол тілде жүргізілді. Екі ортада қалған халық бұрынғы көлемді, көркем тілінен айрылып басқа қарама-қарсы тілге ауысуына мәжбүр.
Сот, тексеру,елге қызмет көрсету (денсаулық, оқу) ұйымдары, басқару жүйесі де осылай құрылған. Халқымыздың саны көбейгенмен санасы азуда. Тілден айрылған халық-халық емес, өзгенің өзеніне кіргесін, атың да затың да қалады. Оны көп жұрттың өмірінен көруге болады. Осылай бола берсе ол уақыт бізге де жақын, осы ғасырдың орта кезінен аса тәмәмдалады деп ойлаймын. Ол үшін не істеу керек. Осы беті жарайды екен деп қоя берген дұрыс па?, болмаса бетін бұратын бір шара қолдану керек пе? Бұл сұрақ, бізге, әсіресе біздің қазіргі ұрпаққа байланысты. Біз түземесек ол ешқашан да түзілмейді (қазақ қазаққа қарсы шығады), біз түзейміз десек, онда үлкен ой мен қырдан өтуге тура келетін жағдай жатыр. Оның негізіне екі-үш варианттық үлгіні қою керек пе деймін, бәрінен бұрын елдің экономикасын бүлдіріп алмай, қазақ тілін жалпылай кіргізу алдыңғы шарт деп есептелу қажет.
Алдыңғысы, тез кіргізу варианты мынадай. Ол:
- Бірінші, оқу жүйесін өзгеркен жөн. Бала-бақшадан бастап, жоғарғы оқу орындщарына дейін өз тілімізде таза сөлеу міндетті іс деп есептеу.
- Екінші, басқа халықтарды да қатарда ұстап, барлығын, немістер мен еврейлер сияқты таза қазақ тілін үйренуге нараз ету.
- Үшінші, бұрынғы ұранды тастатпай үш тілді білгендерге(қазақ, орыс, ағылшын) жол ашу.
- Төртінші, негізгі басқару аппаратын мемлекет саясатына сай ұстау, яғни қазақ тілі бойынша іс-қағаздар жүргізу негізгі программа деп есептеліп оны мәжілісте қарап бекітуін талап ету.
Міне осының бәрін 1-2 жылдың ішінде халықты қыспай жәйлап көшіру екенін алдынғы міндеттердің бірі деп саналу қажет. Осы тұста бір айға кететін жәйт, ол тілімізді дамытатын ұйымдардың қабілеттілігін арттыру. Қазіргілер жұрттың көбі білмейтін, шала-жансар еріксіз ұйымдар. Аты бар заты жоқ, миниралдық су сияты «ішкенге зиялы да пайдалы да емес» боп көрініп жүр.
Одан кейінгі вариант, ол осы күнгі саясаттың сарқыны сиқылды істелетін болса, онда ол көп жылғы ақырын-ақырын ғана жүретін шаруа шамамен алсақ оның жетістігіне 1-2 ұрпақ өткеннен кейін ғана жететін боламыз. Қазіргі тәрбиені бала-бақшадан бастап жүргізіп, бірте-бірте ең бірінші оқу орындарын, кәсіптік училищелер мен колледждерді ана тіліне ауыстырғаннан кейін , екінші ғылым мен техника салаларын соған көшіріп, экономиканы таза мемлекеттік тілде шартты түрде жүргізу болып табылады.
Міне осы алғашқы ойымызды бөлісе отырып, нағыз қазақ азаматтары мен азаматшаларының еліне деген ыстық сүйеспеншілігін көтеру қазір керекті іс деп қараймыз. Бір сөзінде, құрметті ғалым-филолог Кәкішов Тұрсынбек Степняк қаласының жанындағы бір ауылдан шыққан Көкшенің түлегі, қазақтың Әл-Фараби университетінің ұстазы, профессор Көкшетауда 80 жылдығындағы кездесулердің бірінде (Көкшетау университеті – 2007 жыл), басқалар сияқты өз үйімде адам естімейтін жағдайға кезігіп отырғанын айтты. Ол жас ұрпақ немерелерімді қазақшаға үйретіп, тәрбиеге, оқуға жіберсем, үйге келген келіндерім орысша сөйлеп, басқаша тәрбиелеп әлгі ісімді жойып жіберуге жақындайды, айтсам, балам екеуі үндемей құтылып қарсы әрекет істеуге машық боп алған. Не айтуға болады, мен ғалым болып, қазақтың тәрбиесін ел мен әке-шешеден көрген жан өз кешенімде осылайша қалыстау қалып барамын, ал басқалары қалай екенін енді өздерің айта беріндер деді. Сөз сақтауы бөлек, терең білімді адамды көргенімде, нағыз қазақ осылай болу керек деп ойға түйдім.
«Асыл сөздің арты алтын, алды соқыр» - демекші, бар дүниені алдын-ала терең ойлап, білу және дер кезінде істеу ақылға қонымды орынды жәйт. Наурыз күні 22 –де, РЕН ТВ қарап отырсам, орыстың бір шалы: «Мы вспоминаем своих богов, только тогда, когда находимся в трудных положениях. Это уже поздно» - деп өзекті сөз айтты. Бізде басқа айтар сөз жоқ, ана тілімізді қазір кіргізбесек, ертең кеш болуы мүмкін, соны ұмытпайық ағайын.
«Атаңа не істесең, алдыңа – сол келеді» - демекші, алдыңғыларымызды барынша сыйлап, тәрбиесін алып, дәріптеуге тырысайық. Ол жастардың төл міндетті. Ертең өзім қазақ, сөзім шүршіт, не басқа боп кетуден құтылуымыз керек. Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді ұмытпа- деген ақын Қадыр Мырзалиевтің сөзі есімізде мәңгі қалуға тиіс. Қазақтың ана тілін дәріптеуге Ыбырай Алтынсарин -Қостанай облысынан (әліппе жазған, мектептер ашып бала оқытқан), Ахмет Байтұрсынов – алаш партиясының беделді басшысының бірі – қазақтың тұңғыш грамматикасын жазып, септіктерін , етістіктерін атауларын дұрыс қойып, басқаларды қайталамай өзіне тән етіп, тегіс қамтыған алғашқы оқымыты. Ол төте жазуды бірінші кіргізген тұңғыш ғалым, Қытайдың Синьцзян өлкесінде қолданылып жүр . Негізінен алғанда қазақ тілін өркендетуге ат салысқан адамдарға мына кісілерді жатқызуға болады: олар, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев (түріктер оны Азияның екінші ақыны деп есептейді) және Мұртаза, ақын Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова және ғылым докторы Сейтен Лиманұлы Сауытбековты, Шахмат Құсайыновтың баласы Көбей Құсайыновты айтар едім, оны жұрттың көбі біледі.
Жақында бір газетті оқып отырсам, осы жөнінде адам айтқысыз мақала жазылған, оны орысша «опубликовать» өткізіп жұртқа әдейі оқысын деп шамалаған жоспар.
Білмеймін, әдейі істеген шаруа ма, болмаса автордың өз ойы солай қалыптасқан ба жалпы қазақ тілін керексіз қып тастаған. Жүздеген емес, мыңдаған жылдар бойы қолданған, өскен ана тіліміз енді керек болмай қалыпты оған.
Ол тарихтан жұрдай, көне түрік тіліндегі Күлтеген батырдың елдік сөзін оқымаған надан, ана тілі түгелі, ата-енесін де сатып жіберуге жақын нәрсіз, елінің езілуден, қайғы мен мұңынан әзер шығып келе жататынын ұкпаған қазіргі азаматтардың бірі деп санау керек екенін орынды деп түсініп, көпшілік алдына шақырып ондайларды жөндеген жөн. Бұл сөзді Көкшетау қаласының аға прокуроры М.Қожабаев та айтады (Бұқпа –газеті, 25 сентябрь, 2008ж.)
Қазіргі уақытта біздің грамматикада көптеген жетіспейтін жерлер бар, сөздіктер тегіс емес, айналысқан шын ғалымдар көрінбейді .Осымен қоса бізде ұмытылып бара жатқан сөздер бар (Мысалы: абзал,нәубәт, ғапыл, ләзім, уәзін, иждихат, жәннәт т.с.с.) және өмірімізге жаңа юридикалық, техникалық, экономикалық аударылған терминдердің көбі кіргізілмей қалған. Бұның бәрі үкімет бекіткен комиссияның жұмысы төмен екенін растайды. Өткен 18 жылда(1991-2009) қазақ тілі баюдың, жаңадан жаңғырудың орнына кейін кеткендігі белгілі. Әріден қарасақ көшіп келіп жатқан оралмандар (Моңғолия, Қытай) біздің қазіргі сөзімізге қанағат тұтпайды. Жалғыз қазақ жерінде тілімізді таптық па десек, тек орнын ғана тапқан екенбіз ғой деп жүр көбі. Әржерде еліміз еркіндік алып, бостандыққа шықтық деп мақтанғандар жіпсіз байлауда екенін байқамайды. Қадыр Мырзалиев айтқан: «ел болу – бақытың, ерме болу сорың» - деген сөзі бізге әлі де ой салғандай (Егеменді Қазақстан, 6 қаңтар, 2005 жыл).
Міне жан-жақты айтылған әңгіменің төңірегінде көптеген ақиқаттар мен мәселелер жатыр.
Кусаинов Касымхан Кудайбергенұлы
Профессор. Экономика ғылымдарының докторы
Пән атауы: | Қазақ тілі мен әдебиеті |
Көлемі: | 6 бет |
Жұмыстың түрі: | Реферат |